Медицина қызметкерлерінің төл мерекесіне орай, Сайрам аудандық мәдениет үйінде денсаулық сақтау саласында аянбай еңбек етіп келе жатқан мамандарға құрмет көрсетілді. Аудан әкімінің атынан орынбасары Аңсар Жаңабайұлы Өсербаев арнайы құттықтап, алғыс хаттар мен сыйлықтар табыс етті. Бұл туралы Сайрам ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Аңсар Жаңабайұлы мерекелік іс-шараға келген сала мамандарына: «Аудан халқын емдеуде еңбектеріңіз ерен, адам өміріне араша түсетін, жанқиярлық танытатын өздеріңіз, құрметті ақ халатты, абзал жандар! Өткен жылы әлемнің көптеген елдерінде, оның ішінде біздің ауданымызда да белең алған, күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан короновирусты инфекциясының таралуына қарсы шараларды қолға алып, ауданның әрбір тұрғынының саулығы үшін уақытпен және өз денсаулықтарыңызбен санаспай, жанталасып еңбек еткендеріңіз үшін айтар алғысымыз шексіз. Осындай жауапкершілігі мол салада, әрі бәріміз үшін сындарлы сәттерде асқан мейірімділік, кәсіби біліктілік пен еңбекқорлық қасиеттеріңізді көрсетіп келесіздер. Адам өмірін сақтаудағы, денсаулығын оңалтудағы еңбектеріңіз өлшеусіз. Сондықтан, қоғам алдында ауданның медицина саласының қызметкерлері бар сый-құрметке лайық деп санаймын» - деп, құттықтау сөзін айтып, ыстық ықыласын білдірді.
Ерекше құрметке бөленген ақхалаттылар ішінде аудандық орталық ауруханасына қарасты бас дәрігердің емхана ісі бойынша орынбасары Т.Құралбаев, Ш.Убайдуллаев, бас дәрігердің емдеу ісі бойынша орынбасары Н.Ирсалиев, компьютердік тамография кабинетінің дәрігерлері С.Ирисметов және А.Убайдуллаев, реаниматолог дәрігерлер А.Ниязалиев, Пиялиев және Б.Сагимбеков, перзентхана бөлімінің меңгерушісі К.Байгондиев, акушер-гинеколог дәрігері Е.Есенбеков, бас эпидемиолог М.Кошанов, жарақат бөлімінің дәрігері А.Пармоновтар бар.
Келесі кезекте марапатталушылардың қатарында Қарабұлақ аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Э.Абдикаримов, жалпы тәжірибелік дәрігерлік қызметі учаскесінің меңгерушілері М.Акбаралиев, С.Юлдашев және Д.Мирхайдарова, реанимация бөлімінің меңгерушісі Д.Ташметов, бейінді мамандардың меңгерушісі Н.Хабибова, провизор З.Убаев, зерттеуші дәрігер Г.Махашова, Көлкент дәрігерлік амбулаториясының гинеколог дәрігері Д.Камалов, Арыс дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігері Р.Артикова болды.
Сайрам аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасынан басқарма басшысының орынбасары З.Әлімқұлов және эпидемиологиялық бақылау және қадағалау бөлімінің басшысы Г.Бегметова да құттықтауларға ие болды.
Салтанатты жиын соңында аудандық орталық ауханасы бас дәрігерінің емхана ісі бойынша орынбасары Т.Құралбаев короновирус жұқпалы ауыр індетінен көз жұмған дәрігерлерді еске алды. 1 минуттық үнсіздік жарияланды. Сөз алған дәрігерлер өз әріптестерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді.
Іс-шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.