Шымкент қаласы Еңбекші ауданындағы бірқатар тұрғын алаптар жарықтандырылуда. Атап айтқанда Жұмыспен қамту жол картасы аясында аудандағы «Жұлдыз», «Жалын», «Қарабастау» ауылдарына мемлекеттік электр жүйелері тартылып жатыр.
Бұл туралы аудан әкімі Ғалымжан Ильясов мәлімдеді. Айта кетейік, биыл инфрақұрылымды жақсартуға 4 млрд теңден астам инвестиция тартылған. Аудан халқын сапалы жарықпен және таза сумен қамту алдағы жылы толықтай шешімін табады, дейді билік өкілдері. Ал, табиғи газ мәселесін шешу үшін қосымша газ тарату стансасын салу қажет екен.
"Көгілдір газды кешеуілдетіп отырған себебіміз – ГТС станциясының күші келмейді толықтай қамтуға. Қазір үшіші ГТС салынып жатыр. Ол кезде өндірістерді де қамтуға мүмкіндік туады",- дейді Еңбекші ауданының әкімі Ғалымжан Ілиясов.
Сондай-ақ Еңбекші ауданында «халық қатысатын бюджет» жобасы оң нәтиже көрсетуде.
Еңбекші ауданында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында жергілікті билік органдары жұмысының тиімділігін арттыру тапсырмасын басшылыққа ала отырып, жұмыстар атқарылуда. Мәселен, «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 2020 жылы тұрғындардан түскен жобалар сараптамалық кеңесте қаралып, басым дауыс жинаған 13 жоба бойынша 24 үйдің ауласын абаттандыруға бюджеттен қаржы бөлінді. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу іс-шаралары жүргізілуде. Сонымен қатар, осы жылы аталған жоба бойынша сәуір айында конкурс жарияланып, 85 жоба түсті. Бүгінде оның 77 жобасы дауыс беруге жіберілді, – деді аудан әкімі.
Сонымен қатар, 2021 жылы ауданның инфрақұрылымын және кәсіпкерлік бағытын дамытуда жалпы 13,8 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, инфрақұрылым мен кәсіпкерлікті дамыту үшін негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемін ұлғайту жоспарлануда. Осы жылға «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 28 көп қабатты тұрғын үйдің №1,2 хаттамалары түзіліп, оның 13 көп қабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге сметалық құжат дайындалған. Оған қоса, «Тоғыс» тұрғын алабындағы №120 мектепке қосымша 300 орындық ғимаратының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл мектеп осы жылдың 2-жартыжылдығында пайдалануға беріледі.