Қасым-Жомарт Тоқаев бір сөзінде балалардың құқықтарын қорғаудың аса маңызды екенін айта келе, барлық баланың құқығын қамтамасыз ету жөніндегі мемлекет міндеттемелерінің сөзсіз орындалуы, балалардың мұқтаждығы үшін бөлінген бюджет қаржысы олардың нақты қажеттілігіне жұмсалуы тиіс екенін жеткізген болатын. Сондай-ақ Мемлекет басшысы балалардың құқығына қатысты заң бұзушылықтарға алып келетін кез келген қиянатты іс-әрекеттердің жолы кесіліп, кінәлілер жазалануы керек деп санайды.
Шымкентте Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Шымкент қаласының Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының балалардың құқығын қорғау мәселесі жөніндегі орынбасары Ақмарал Жүнісова Президенттің тапсырмасына сай қалада балалар құқығы тиісті деңгейде қорғалып келеді деді.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің өңірлерде білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменттері қызмет атқарады. Өткен жылдан бастап осы департаменттің функциясына балалар құқықтарын қорғау мәселесі жүктелген. Бұл жайында Ақмарал Мырзабекқызы жан-жақты жеткізді.
– Балалардың құқықтарын қорғау мәселесі – мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі және ҚР бала құқықтары жөніндегі Уәкілімен тығыз байланыста жүргізіледі. Бұл ретте «Сенім телефоны» мен жауапты маманның байланыс телефоны Департаменттің facebook, instagram парақшалары және ресми сайтында орналастырылған. Ал Министрлік ата-аналар арасында жедел түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында Телеграмм мессенджер каналында «Бала қорғау» жедел көмек беру чатын ұйымдастырды. Бұл чатқа Шымкент қаласынан мыңнан аса ата-ана тіркелді. Аталған чатқа 100-ге жуық ата-ана жүгініп, «Сенім телефонына» 30-ға жуық ата-ана хабарласты. Ал өзімнің жеке қабылдауыма 23 ата-ана және 8 колледж бен 4 ЖОО-ның студенті келді. Осы орайда Департаменттің тікелей араласуымен көп балалы аз қамтылған 12 отбасының балаларын қашықтан оқытумен қамтамасыз ету мәселелері оң шешімдерін тапты, – деді орынбасар.
Сондай-ақ, Департамент мемлекеттік органдар, үкіметтік емес және басқа да ұйымдармен бірлесіп, балалардың құқықтарын қорғау, бала асырап алу, қорғаншылық, қамқоршылық, патронат, балалардың қадағалаусыздығы мен панасыздығына қатысты іс-қимыл және әлеуметтік жетімдіктің алдын алу жұмыстарын атқарады. Бұл ретте өмірдің қиын жағдайына тап болған балалар мен олардың ата-аналарына психологиялық қолдау көрсету мақсатында «REFRAME» тұлғаны дамыту орталығының білікті мамандарын тартып, үкіметтік емес ұйымдардың жұмыстарын үйлестірілген. Оған қоса, пандемия кезінде қала бойынша туа біткен жұлын грыжасына (Spina Bifida диагнозы) шалдыққан 8 балаға еліміздегі бала құқығы бойынша уәкілі Аружан Саинның кайырымдылық көмегімен бөлінген урологиялық Нелатон катетері Департаменттің тікелей араласуымен екі реттен таратылған.