Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес. Халыққа арнаған былтырғы Жолдауында осылай деген президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы өнімділігін 2-3 есеге көбейтуді тапсырғаны белгілі.
Бүгінде Түркістан облысы Түлкібас ауданында осы мақсатта тиімділігі дәлелденген бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу жұмыстары жүйеленіп, қарқын алып келеді.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің Биылғы жылы аудан аумағындағы 185 шаруашылық бұл бағытта жұмысын бастап кетті. Аталған шаруа қожалықтар жалпы 186 гектар егін алқабына картоп, қызанақ, пияз, аскөк секілді дақылдарды еккен. Солардың ішінде соңғы жылдары бұл бағытта өз алқаптарынан мол өнім алып жүрген «Андасбек» шаруа қожалығы да бар.
Қожалық биылғы жылы 5 га жерге бірінші өнімге картоп егіп, одан ағымдығы жылдың шілде айының орта тұсында әр гектарынан орта есеппен 25-30 тонна шамасында өнім алуды жоспарлауда. Ал, екінші өнімге қияр егіп, оны 40-45 күн аралығында жинап алуды жоспарлап отыр. Бүгінде қожалық үш отбасының жеке кәсібіне айналып, оларды жұмыспен қамтып отыр.
Өткен жылмен салыстырғанда биыл ауданда бір жерден 2-3 өнім алушы шаруалардың қатары артқан. Бұл бағытта өткен жылы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес, аудан әкімі Нұрлан Байғұттың бастамасымен арнайы семинарлар өтіп, биылғы жылы жемісін беруде.