Халыққа арнаған былтырғы Жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев миллиондаған ауыл тұрғындарының табысын арттыру, ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін екі жарым есе көбейту,
агроөнеркәсіп кешені өнімінің экспортын екі есе арттыру міндетін жүктеген болатын. Түркістан облысында бүгінде ауыл шаруашылығында тың технологияларды қолдана отырып, жақсы табысқа жетіп отырған шаруалар аз емес.
Жетісай ауданының диқандары бау-бақша өсіруді мықтап қолға алып келеді. Мәселен, Жаңа ауыл ауылдық округіне қарасты "Қарой" елді мекенінің тұрғыны 80 жастағы зейнеткер Алиев Әзімжан ақсақал өзінің иелігіндегі 10 гектар алқапқа қауын-қарбыз, жүзім, өрік секілді бау-бақшаларды еккен. Соның ішінде ерекше атап өтетіні 2 гектар жерге интенсивті бақ өсірген.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабаурлаынша, ғұмырының тең жартысын медицина мен білім саласына арнаған, жоғары дәрежелі хирург Әзімжан ақсақал зейнетке шықса да еңбек етуден шаршамайды. Ташкент қаласында орналасқан Шредер атындағы ғылыми зерттеу институтында селекция жасалған баудағы алмалар мен шиелер Жетісайдың климатына икемделіп пісіп тұр. Былтыр польшалық алмадан 2 тонна өнім алып, оны ауылдастарына тегін таратып берген. Биыл егілгеніне 4 жыл болған 200 түп шие ағаштары нышан көрсетіп жемісін беріп жатыр. Өз үйінде 20 тоннаға жуық көкөніс сақтайтын тоңазытқышы бар. Жиналған өнімдерді сонда сақтап, одан тиісінше қақ және тосап жасап немерелеріне жіберіп отырады. Баудан бөлек 3 гектар аумақтағы қауын-қарбызына қарап, тиісті агрегаттық шараларды тракторымен өзі жасай береді.
«Атадан мал қалғанша тал қалсын» деген қағиданы берік ұстанған Әзімжан ақсақал негізгі мақсатымыз - пайда табу емес, болашақ ұрпаққа пайдалы іске жарайтын мол мұраны қалдыру екендігін айтты.