«Қазақстан 2050» Стратегиясында Елбасы Н.Назарбаев:
-Жеке медицинаның дамуына жағдай жасау. Барлық дамыған әлемде медициналық қызметтердің айтарлықтай бөлігін жеке сектор көрсетеді. Біз жеке ауруханалар мен емханаларға тезірек көшуге жағдай туғызуға тиіспіз,-деген болатын.
Соңғы жылдары Түркістан облысында жекелеген медициналық мекемелердің саны айтарлықтай көбейді. Жыл санап осы салаға капитал салушылардың көбейгені қуантады. Мәселен жуырда Сайрам ауданында тұңғыш рет гемодиализ орталығы ашылды. Бұл – мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жүзеге асқан жоба.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, тойхана ғимаратында заманауи үлгіде жабдықталған медициналық орталық ашқан жергілікті кәсіпкер 120 млн теңге жеке қаражатын жұмсаған. Созылмалы бүйрек ауруына шалдыққан 80 науқас енді жол азабын тартпай, жақын маңнан ем алады. Диализ залы ең озық медициналық қондырғылармен толыққан. Сайрам ауданында іссапармен болған Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев «Мед Алатау» орталығының жұмысымен танысты. Амбулаторлық орталық барлық талапқа сай жабдықталған.
Жұмыс сапары барысында Өмірзақ Естайұлы Ақсукент ауыл округіндегі «Sairam Thermal Resort» емдеу сауықтыру кешеніне барды. Жобаның құны – 500 млн. теңге. Мұнда жылына 3 мыңнан астам адам ем қабылдайды.
Сайрамдық санаторий пандемия кезінде дертке шалдығып, қайта сауыққан науқастардың организмін қайта қалпына келтіру үшін арнайы емдік-сауықтыру бағдарламасын әзірлеген. Келушілер негізінен минералды қоспасы бар термиялық минералды сумен емделеді.