Жұмыссыздық – елдің өркендеп дамуына, жастардың өсуіне кедергі жасайтын басты проблема. Сондықтан жұмыссыздықпен күресу – әрбір мемлекет үшін маңызды функция. Дамушы Қазақстанда азаматтарды жұмыспен қамту үшін бірқатар мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылп келеді. Айталық «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында талай жан екі қолға бір күрек тапты. Сондай-ақ бұл бағдарлама еліміздің орта және шағын бизнесін дамытуға да өз үлесін қосып келеді.
Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерман Бекмұратовтың айтуынша, Шымкент қаласында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы биыл да жалғасын табуда.
Басқарманың мәліметінше, жоспарға сәйкес жұмыстар негізгі екі бағытта (Реконструкциялау бойынша бір жоба, құрылыс бойынша 12 жоба) барлығы 13 жобаны іске асыруға қазынадан 15 251,9 млн теңге бөлінген. Нәтижесінде 392 жұмыс орыны құрылады деп күтілуде. 102 адам тұрақты жұмыспен қамтылады дейді мамандар. Қазіргі кезде 11 инфрақұрылымдық жобаға мемлекеттік сатып алу рәсімделуде екен.
Бүгінде санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды сақтау, қызмет алушы азаматтарды бір жерде шоғырландырмау мақсатында «Жұмыспен қамту орталығы» 4 ауданға бөлініп, қызмет көрсетуде.