Рухани-адамгершілік тәрбие ерте балалық шақтан бастау ала отырып, адамның өмірінің әр кезеңдерінде жүйелі дами келе, осы тәрбие үрдісін дұрыс, жүйелі ұйымдастыру нәтижесінде рухани бай дамыған тұлғаны тәрбиелеуге өріс ашады. Жеке баланың бойындағы ар-ұяты, ақыл-ойы, адамгершілігі, басқа адамдармен қарым-қатынасы, мәдениеттілігі жанұядан алынады. Сондықтан жанұя – бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы. Сондай-ақ балаға тәрбие беруде бала-бақшаның да ролі маңызды.
Осы ретте Шымкент қалалық білім басқармасының «Мектепке дейінгі және бастауыш білім беру» бөлімінің жоспары негізінде №106 «Ердәулет» бөбекжай-бақшасында «Рухани-адамгершілікке тәрбиелеуде отбасы мен балабақша арасындағы қарым-қатынас» тақырыбында қалалық вебинар практикум өтті. Мақсаты Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасын бүлдіршіндерге ұғындыру және оларды адамгершілікке тәрбиелеу.
Іс шара барысында әдіскер Г.Саманова рухани- адамгершілікке тәрбиелеуде отбасы мен балабақша арасындағы қарым-қатынас жайлы баяндады. Ал «Толағай» дәстүрді рухани жаңғырту тобында «Әлеумет» білім беру саласы бойынша «Адамгершілік-асыл қасиет» тақырыбында тәрбиеші Р.Бекманова балалардың әдептілік, сыпайылық туралы түсініктерін кеңейтті. Сондай-ақ әдіскерлер балаларға қоршаған ортаға қамқор болуды айтып, құстарға ұя жасап көрсетті және балаларды патриоттыққа тәрбиелейтін ертегі мен өлең жолдарын оқып берді.
Жалпы қаладағы бала-бақша мекемелері мұндай шараларды өткізуді дәстүрге айналдырған.