Жалпы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 2025 жылға дейін республика көлемінде топтық су құбырлары жобаларына 133,1 млрд астам теңге қаражат бөлу жоспарланған. Оның ішінде жаңадан салуға 14,5 млрд теңге, ал қайта жаңартуға 118,6 млрд теңге бөлінбек. Осының есебінен алдағы бес жылда жаңадан 1469 шақырым құбыр желілері салынады және 1724 шақырымы қайта жаңартылып, қажетті жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Мемлекеттік бағдарлама аясында үшінші мегаполисте де бірқатар ауызсу проблемасы шешімін таппақ.
Мамандардың айтуынша Шымкент қаласында бүгінде 6 шағынауданда ішкі ауызсу жүйелерінің құрылысы жүргізілуде. Атап айтқанда, Тұран шағынауданында ауызсу жүйесінің құрылысына биылғы жылға 378,2 млн теңге қаралған. Ауызсу құбырының жалпы ұзындығы – 59,8 шақырымды құрайды. Қазіргі таңда жоспар бойынша 51,4 шақырым (86 пайыз) жұмыстар орындалған. Бұл жұмыстың 86 пайызға орындалғанын білдіреді. Нысанды аяқтау мерзімі – ағымдағы жылдың үшінші тоқсаны дейді мердігер компания өкілдері.
Ал Асар-2 шағынауданындағы ауызсу құбырының жалпы ұзындығы – 156,1 шақырымды құрайды. Бүгінде 64 шақырым бойынша жұмыстар аяқталған.
Сонымен қатар, Солтүстік саяжай шағынауданында ауызсу құбырының 88,2 шақырым бойынша жұмыстары орындалған. Екі нысанды да биыл төртінші тоқсанда ел игілігіне беру жоспарланыпты. Бұл жаңалыққа Солтүстік саяжайлықтар ерекше қуанып отыр.
Жалпы бүгінде шаһарда 69 елді мекен тәулік бойы, 5 елді мекен – кестемен, 7 елдімекен тасымалды сумен қамтамасыз етілген дейді салаға жауаптылар.