Үшінші мегаполисте «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының аясында ауқымды жұмыс атқарылуда. Бағдарлама аясындағы шараларды Шымкент қалалық әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы жүзеге асырады.
«Жалпы, «Еңбек» бағдарламасының үш бағыты бар. Бірінші бағыт – бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету. Бұл бағыт бойынша Шымкентте биыл 2500 адамды қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жіберу жоспарлануда»,- дейді жұмыспен қамту орталығы баспасөз қызметінің жетекшісі Майя Алибжанова
Оның айтуынша биылғы қысқа мерзімді кәсіптік оқытуда үйретілетін 30-дан астам мамандық тізбесі бекітілді. Олардың арасында дизайнер, кондитер, тігінші, автоэлектрші, тас қалаушы, кран машинисті, визажист, шаштараз, аспаз және т.б. сияқты мамандықтар бар. Қысқа мерзімді кәсіптік оқуға қатысатын тұрғындарға оқу барысында ай сайын 17 мың теңге мөлшерінде стипендия төленеді.
Жұмыспен қамту орталығы мамандарының мәліметінше, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту топтардың жинақталуына қарай жүзеге асырылады. Оқимын деген жерлестеріміз қалалық жұмыспен қамту орталығына келіп, құжат тапсыруы тиіс. Айта кетейік, «Еңбек» бағдарламасының кәсіптік оқыту бағыты мамандарды кәсіптік тұрғыда даярлауды, қайта даярлауды және біліктілікті арттыруды қамтиды. Бағдарламаға жұмыс қарастырып жүрген азаматтар болашақ жұмысына қажет кәсіптік біліктілігі болмаса немесе лайықты жұмыс таңдау мүмкін болмағанда қатыса алады. Немесе кәсіптік дағдыларға сай келетін жұмыстың болмауына байланысты мамандығын өзгерту қажет болуы мүмкін. Сонымен қатар бұрынғы мамандығы бойынша жұмысты орындау қабілетін жоғалтқан азаматтар да халықты жұмыспен қамту орталығының жолдамасы бойынша кәсіптік оқуға қатыса алады.
– Қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелген 18 жастан асқан және зейнет жасқа дейінгі азаматтар қатыса алады. Назар аударатын жайт, студенттер қатыстырылмайды. Оқуын тәмамдаған азаматтар біліктілік куәліктерін алады. Сол құжат арқылы ол мемлекеттік грантқа және жылдық пайызы 6%-дан аспайтын шағын несиеге құжат өткізе алады, – деп қосты Майя Алибжанова.