Шымкент қаласында құқықбұзушылықтың алдын алуға бейнебақылау камералары айтарлықтай үлес қосуда. Ағымдағы жылдың 5 мен 11 сәуір аралығында Шымкент қаласы Полиция департаменті Жедел басқару орталығының “102” арнасына түрлі сипаттағы 6138 қоңырау келіп түскен. Оның -2622 тіркеуге алынып, қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде. Бір апта ішінде бейнебақылау камераларының көмегімен алты қылмыс ашылды деп хабарлайды Шымкент қаласының Полиция Департаментінің баспасөз қызметі.
Мамандар бейнебақылау камералары арқылы қоғамдық тәртіпті және жол қауіпсіздігін қадағалауға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қылмысты ізін суытпай ашуға үлкен көмек көрсетіп отыр дейді.
Салаға жауаптылардың мәліметі бойынша нөлдік төзімділік қағидаты және әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша 918 факті анықталған: оның ішінде ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы бойынша (Қоғамдық орындарда қоқыс тастау) – 8 жайт, ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы бойынша (Қоғамдық орындарда мас күйінде болу) – 29, ҚР ӘҚБтК-нің 449-бабы бойынша (Қоғамдық орындарда қайыршылық жасау) – 19, жол қозғалысы ережелерін бұзу 740 және өзге де 122 құқық бұзушылықтар. Мамандар қоғамдық орындарда құқықбұзушылықтарды алдын-алу бойынша профилактикалық іс-шараларды жалғастыруда.