Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандарының музейі басшыларының ұйымдастыруымен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын қолдау мақсатында Алаш арыстарының өмірі мен қайраткерлігін бүгінгі ұрпаққа танытуда Түркістан облысының киелі жерлеріне тағзым етуде арнайы тур экскурсиясын ұйымдастыруда.
Экскурсия барысында киелі Түркістан, Созақ, Түлкібас, Бәйдібек аудандарына бағыт-бағдары белгіленген іс сапарлар жоспарланған. Осы аталмыш іс сапар киелі Түркістаннан бастау алды.
Сіздерді біздің музей тарапынан ұйымдастырылып отырған осы тур арқылы ғажайып сапарға бірге шығуға шақырамын. Өткенді білмей, бүгінгі күннің қадірін білмейміз.
Алаш арыстарының рухы бәрімізді қолдап жүрсін. Рухани танымымыз арта берсін!
«Өткенге салауат айтып, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын жадымызда сақтау – біздің қасиетті борышымыз, рухани жаңғыруымыз. Елбасы атап өткендей, «жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр алып, тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасына» айналатынына кәміл сенімдіміз»,- дейді музей басшылығы.
Қазақ халқы үшін ХХ ғасырдың ең ауыр қайғысы атанған сталиндік кезеңде талай абзал азаматтарымыздың басы оққа байланғаны тарихтан белгілі. Қуғын-сүргін құрбандарына зерттеушілер саяси репрессияны, ашаршылықты, халықтар депортациясын жатқызады. Бұл оқиғаларда 4 миллиондай Қазақстан азаматы зардап шегіп, 20 мыңнан астам адам түрмеге қамау, ату сияқты қатал жазаға кесілген болатын. Боздақтардың ерлігін бүгінгі ұрпақ ұмытпауы керек. Ұйымдастырушылардың мақсаты да осы.
Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың аяғында Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтаумен айналысатын арнайы мемлекеттік комиссия құруға тапсырма берген болатын.