Жаңарған кітапханада жаңалық көп

Screenshot_18.png

Шымкенттегі Забадам елдімекенінде жақында ашылған Отбасылық кітапхана бүгінде үлкен-кішінің көңілінен шығып үлгерді. Мәдениет және спорт министрлігі 2021 жылды Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы деп жариялағаны белгілі. Бұл ретте кітапхана ұжымы бірқатар креативті жобаларды қолға алған. 

«Ғимараттың жаңарып, келушілердің саны артқаны көңіл қуантады. Өйткені жан-жағында мектеп, балабақша, үйлер орналасқан. Қорымызда 35 мың кітап бар, оның 6 мыңы қазақ тілінде. Соңғы жылдары көптеген кітап, оның ішінде қазіргі заманғы авторлардың еңбектерімен толығуда. Жастарды психология, көшбасшылық қасиетті, іскерлік белсенділікті арттыру жөніндегі жаңа дүниелер қызықтырады. Олар үшін әлемдік бестселлерге айналған Дейл Карнеги, Стив Джобс еңбектері қойылған. Ал аға буын өкілдері әлемдік классикаға, тарихи шығармаларға әуес,- дейді кітапхана әдіскері Нұржамал Бектұрғанова.

Кітапханаға көп жылдан бері Нина Сечина жетекшілік жасап келеді. Ол балалардың кітапқа қызығушылығын арттыру үшін көптеген жұмыстар жасалып жатқанын айтады. Мәселен, Нина Петровна келген балаға сөреден сиқырлы таяқшасын алады. Сөйтіп 3D форматында безендірілген «Адам денесі» атты кітап мен арнайы көзілдірігін ұсынады. Көз алдындағы ірі көлемді әріптердің баурап алғаны сондай, бала жанындағы басқа кітаптарға қол созғанын байқамай да қалады. Бір сөзбен айтқанда, рухани ордадан үлкен де, кіші де кеткісі келмейді. Үлкендермен жиі еріп келген балалар, зообақ, цирк қойылымдары мен мәдени орындардағы шараларға барып, тегін тамашалай алады.

Жаңа кейіпке енген кітапхананың ерекшелігі сонда, оқырман отбасыға түгел абонент беріледі. Арнайы электронды карточкада отбасы мүшелері туралы ақпарат толық көрсетілген. Кітапханашы компьютерлік бағдарламаның көмегімен олар қандай кітапты қашан алғанын, кітапты уақытылы әлде кешіктіріп қайтарғанын, ұқыпты ұстаған-ұстамағанын тексере алады. Бонусты жүйе тұрақты оқырмандарға түрлі жеңілдіктер алуға мүмкіндік береді. Оларға әртүрлі шараларға, қойылымдар мен концерттерге тегін билет ұсынылады. Тамаша жобаны алматылық «Креативті бюро» командасы жүзеге асырыпты.

Белгілі болғандай, қалалық орталықтандырылған балалар кітапханасы да жаңартылуда. Руханият ордасының директоры Жанар Сауғамбаева жас оқырмандарды кітап оқиға тартуға әсер ететін ең маңызды әрі басты институт – отбасы екенін айтады. Кітапхана сәті түссе, 1 маусым- Халықаралық балаларды қорғау күнінде кішкентай оқырмандарымен қайта қауышпақ.


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Әйелдер аяқ киімі шығарылмақ
  • Кәсіпорын ұлғайтылмақ
  • Арнайы киімдерге сұраныс жоғары
  • Қағаз және картон өндіретін кәсіпорын ашылады
  • Балалар аналарына хат жазды