Шымкенттің тұрғындармен сындарлы сұхбат құру және ақпараттандыру шаралары арқылы сыбайлас жемқорлықтың алдын алуды мақсат еткен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі Төрағасының кеңесшісі Ж.Жылқышиева және республикалық «Парасат жолы» орталығының жетекшісі, қоғам қайраткері С.Түгел «Шаңырақ» отбасы инситутының жұмысымен танысып, көпбалалы аналармен кездесті.
Орталықтың жұмысымен таныстырған жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы у.а. Н.Егембердиев мақсаты - аз қамтамасыз етілген отбасыларға және көп балалы аналарға кәсіпкерлік жөнінде бағыт-бағдар беру, қысқа мерзімді курстарға жіберу, жұмысқа бейімдеу, қаржылық сауаттылығын арттыру,сонымен қатар, психологиялық, әлеуметтік және құқықтық кеңес беру екендігін айтты. Қазіргі таңда, мегаполисте екі Отбасы институты ашылып, халыққа өз қызметтерін көрсетіп жатқандығын жеткізді.
Көпбалалы аналармен кездескен Агенттік өкілдері жұмыс сапарының мақсатымен таныстырып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу отбасыдан басталатындығына, әр азаматтың рөліне тоқталды.
Республикалық «Парасат жолы» орталығының жетекшісі Сәдібек Түгел: «ауруды емдегеннен гөрі, оның алдын алған дұрыс», сол секілді қоғамның дерті саналатын сыбайластықтың салдарынан бұрын, оның алдын алу жұмыстарын күшейту маңызды. Агенттіктің басым бағыты – жемқорлықтың алдын алу», - деді.
Агенттік өкілдері жемқорлықтың қауіптілігін балаға ерте бастан түсіндіріп, адалдыққа, еңбекқорлыққа тәрбиелеу қажеттігін сөз етті.
«Жастайынан парасаттылыққа, адалдыққа, ізеттілікке тәрбиеленген адам өскенде мейірімді, қайырымды жанға айналады. Ал, ондай азаматтар жемқорлыққа жол бермейді», - деді «Парасат жолы» орталығының жетекшісі С.Түгел. Сондай-ақ, ол бала ата-анасына, ортасына қарап өсетіндігін алға тартып, алдымен әркім өзін тәрбиелеу қажеттігін айтты.
Шара барысында кездесуге қатысты көпбалалы аналардың пікірі тыңдалды. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық фактілеріне тап болған жағдайда Агенттіктің 1424 Call-орталығына хабарласып, жемқорлықпен күресте белсенділік танытуға шақырылды.