«Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған былтырға Жолдауында осылай деп, үкімет пен әкімдерге ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты бірқатар міндеттер жүктегені белгілі. Осы бағытта Түркістан облысында оң тірліктердің барын айта кеткен жөн. Өңірде биыл егіс көлемін 843,4 мың гектарға орналастыру межеленіп отыр. Егістікті әртараптандыруға сәйкес, өткен жылмен салыстырғанда картоп, көкөніс, бақша дақылдарының егіс көлемі 5,3 мың гектарға артып, 125,5 мың гектарға жетті. Майлы дақылдар 9,2 мың гектарға артып, 92,7 мың гектар, мал азықтық дақылдар 2,9 мың гектарға артып, 215,6 мың гектарға орналастырылады. Мұндай мәліметтер Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев мәлім етті.
«Көктемгі дала жұмыстарын мерзімінде аяқтауға толық мүмкіндік бар. Биылғы жылдың өнімі үшін егілген 177,6 мың гектар күздік бидайдың жағдайы жақсы, үстеп қоректендіру жұмыстары басталды. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге қолда бар 21,4 мың ауыл шаруашылығы техникаларының 92 пайызы дайын. Бүгінгі күнге, жоспарланған жаздық егістіктің (506,0 мың га.) 59,3 мың гектары егілді немесе 12 пайызға орындалды. Агроқұрылымдар жаздық дақылдардың тұқымымен толық қамтамасыз етілген»,-деді Өмірзақ Шөкеев.