Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан 2050» Стратегиясында:
-Жаһандық демографиялық теңгерімсіздік күн өткен сайын күшейе түсуде. Жалпыәлемдік тренд – адамзаттың қартаюы. Енді 40 жылдан кейін алпыс жастан асқан адамдардың саны 15-ке толмағандардан асып түседі. Туудың азаюы және адамзаттың қартаюы көптеген елдерде еңбек нарығындағы проблемаларға, атап айтқанда, еңбек ресурстарының жетіспеушілігіне сөзсіз әкеледі.
Шиеленісе түскен демографиялық теңгерімсіздік жаңа көші-қон толқындарын туғызып, күллі әлемде әлеуметтік шиеленісті күшейте түседі. Біз Қазақстанда заңсыз еңбек мигранттары жергілікті еңбек нарықтарын тұрақсыздыққа әкелген елдің жекелеген өңірлеріндегі көші-қон қысымымен бетпе-бет келіп отырмыз. Біз таяу болашақта кері процеспен – елдің шегінен тыс жерлерден бізге келетін еңбек иммиграциясымен бетпе-бет келуіміз әбден мүмкін екенін түсінуге тиіспіз,-деген болатын.
Осы теңгерімсіздікті шешудің бір жолы ретінде соңғы жылдары ниет білдірушілерді Оңтүстік өңірлерден Солтүстік обылстарға қоныстандыру шаралары жүргізілуде. Жуырда «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының мәжіліс залында еңбек күші жетіспейтін Солтүстік өңірлеріне халқы тығыз орналасқан Оңтүстік өңірінен тұрғындарды көшіру мәселесі талқыланған жиын өтті. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Zoom жүйесі арқылы өткен жиынға Түркістан, СҚО, ШҚО, Қостанай мен Павлодар облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының басшылары мен жауапты өкілдері, Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары, жұмыспен қамту бөлімдерінің басшылары қатысты. Мәжілістің модераторы – «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, облыстық мәслихат депутаты Бейсенбай Тәжібаев көші-қон саласы стратегиялық маңызы бар мәселе екенін атап өтті.
«Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасында облыс тұрғындарының әл-ауқатын көтеру көзделген. Бұл ретте өңір тұрғындарын жұмыс орындары көп Солтүстік өңірлерге көшуіне қолдау көрсету арқылы еңбек ресурстарын тиімді үйлестіруге мүмкіндік мол. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы жүзеге асқан 5 жылда ШҚО, СҚО, Павлодар және Қостанай облыстарына 20 мыңнан астам адам қоныс аударған болса, оның 6 мыңдайы немесе 1700-дей отбасы – Түркістан облысының тұрғындары. Біз көшуге ниет білдірген азаматтарға көмектесу, осы бағытта ақпараттық және түсіндірме жұмыстарын жүргізуді жандандыруымыз керек. Әрбір азамат Солтүстікке қалай көшу керектігін, оларға мемлекеттен қандай қолдау болатынын білуі тиіс», – деді Б.Тәжібаев.
Көші-қон саласына үлес қосып жүрген белсенді азамат «Евроремонт сервис» ЖШС-ның директоры Жаңабай Ағабеков «Қоныстанушылардың несие қарызына 6 айға дейін каникул берілсе, өңірлердің ерекшелігімен таныстыратын бейімдеу орталықтары ашылса, әр ауылға кем дегенде 5-10 отбасыны бірге қоныстандырса, көш жанданар еді. Қазірдің өзінде Түркістан облысынан көшуге ниет білдіріп отырған азаматтар жетерлік», – деді. Ал Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Нұрашов «Еңбек» бағдарламасы бойынша қоныстанушылардың 30 пайызы Түркістан облысының тұрғындары екенін баяндады. Оның мәліметінше, атқарылған жұмыстар нәтижесінде жыл басынан бері Түркістан облысынан 36 отбасы, 117 адам қоныс аударған. Жалпы 5 жыл ішінде Түркістан өңірінен көшкендердің 2286-сы жұмысқа қабілетті болса, оның 1545-і тұрақты жұмыспен қамтылған.