Түркістан Түркі әлемінің рухани астанасы деп жарияланды


11..jpg

«Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» тақырыбында Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің  бейресми саммитінде Түркі кеңесі мемлекеттерінің басшылары бірқатар келісімдерге қол жеткізді. Атап айтқанда:

Түркістан қаласын Түркі әлемінің рухани астанасы деп жариялады. Болашақта ротациялық негізде Түркі әлемінің өзге де әйгілі көне шаһарларына осы іспеттес мәртебе беруге мүмкін болатыны туралы келісті және Хатшылыққа Мүше мемлекеттермен бірлесе аталған мәселе бойынша ережені 2021 жылы күзде Түркияда өтетін Түркі кеңесінің 8-ші саммитінің қарсаңында Сыртқы істер министрлері кеңесінің қабылдауы үшін әзірлеуді тапсырды;

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы, Түркі кеңесінің Құрметті Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркі кеңесінің атауын өзгерту жөніндегі бастамасын қолдады және Сыртқы істер министрлері мен Хатшылыққа 2021 жылы күзде Түркияда өтетін Түркі кеңесінің 8-ші саммитіне қол қою үшін тиісті құжаттарды әзірлеуді тапсырды;

Хатшылыққа «Түркі әлемінің келешегі-2040» және «Түркі кеңесінің 2020-2025 стратегиясының» алғашқы жобаларын дайындағаны үшін алғыс білдірді және мүше мемлекеттердің тиісті органдарына өздерінің тиісті ұлттық  ішкі рәсімдері шеңберінде Түркиядағы келесі саммитте бекіту мүмкіндігі мақсатында оларды Хатшылықпен бірлесіп дайындауды тапсырды;

Әзербайжан Үкіметі және халқымен бірге қақтығыстардан зардап шеккен аумақтарды оңалту, қалпына келтіру және қайта біріктіруге олардың күш-жігеріне ниеттестігін білдірді және бір-бірінің егемендігі, аумақтық тұтастығы мен халықаралық танылған шекараларының мызғымастығын өзара құрметтеу және мойындау негізінде Армения мен Әзербайжан арасындағы қарым-қатынастардың қалыпқа келуін қолдады;

Түркі кеңесіне қол жетімді үлкен мақсаттар қоюға, стратегиялық маңызы бар өңірлік жобаларды, атап айтқанда көлік, кеден, энергетика және инфрақұрылым саласындағы жобаларды қолға алуға және жүзеге асыруға мүмкіндік беру үшін экономикалық бағыттың маңыздылығын атап өтті;

Атақты ақын және мемлекет қайраткері Әлішер Науаидің түркі халқына сіңірген еңбегін, Түркі әлемінің әдебиеті, өнері, әлеуметтік-экономикалық, ғылыми және мәдени өмірінің дамуына қосқан үлесін бағалап, сондай-ақ осы жылы оның 580 жылдық мерейтойының кеңінен атап өтілуімен байланыстыра отырып, Түркі кеңесі аясында Әлішер Науаи халықаралық сыйлығын тағайындауға келісті;

Түркі әлемінің әдебиеті, өнері, ғылымы мен мәдениетінің дамуына үлкен үлес қосқан Түркі әлемінің аса көрнекті ақындары, ойшылдары мен мемлекет қайраткерлеріне Жүсіп Баласағұнның 1005 жылдық, Низами Гянджеуидің 880 жылдық, Юнус Емре мен түрік тілінің жылы, Әлішер Науаидің 580 жылдық, Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық, Әлихан Бөкейханның 155 жылдық және Хусейн Карасаевтың 120 жылдық мерейтойларын атап өту үшін мүше мемлекеттердің тиісті органдарына Түркі ынтымақтастық ұйымдарымен бірлесе отырып келісілген іс-шаралар өткізуге тапсырма берді;

Соңғы Саммит өткен уақыттан бері Түркі кеңесі Хатшылығының қызметіндегі маңызды жетістіктерді жоғары бағалады.

Мемлекет басшылары Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы, Түркі кеңесінің Құрметті Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Түркістан бейресми саммитін өткізу бастамасы үшін және Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа осы кездесуде талқылауларды нәтижелі қорытындыларға келтіргені үшін терең алғыс білдірді.


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Әйелдер аяқ киімі шығарылмақ
  • Кәсіпорын ұлғайтылмақ
  • Арнайы киімдерге сұраныс жоғары
  • Қағаз және картон өндіретін кәсіпорын ашылады
  • Балалар аналарына хат жазды