Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммиті онлайн форматта ұйымдастырылды. Бейресми саммитті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ашып, жүргізді. Жиынға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов, Венгрия Премьер-министрі Виктор Орбан, Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің Бас хатшысы Бағдад Әміреев қатысты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі кеңесіне мүше елдерді түркі өркениетін жаңғыртуды Түркістанды әлемге танытудан бастауға шақырды.
«1992 жылы Анкарада өткен алғашқы басқосуда Елбасы түркі елдерінің басшылары бұдан былай киелі Түркістанда кездесіп тұрады деп айтқан. Түркістан барлық түркі халықтары үшін қастерлі қара шаңырақ, құтты мекен және аңсарлы атажұрт. Бабаларымыз осы өңірде ғұлама ұстаз Қожа Ахмет Яссауиден діни білім алып, түркі ислам мәдениетін әлемге таратқаны белгілі», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммиті барысында. Мемлекет басшысы түркілер Кіші Азияға бет бұрғанда бұл құндылықтар түптамырымызды сақтап, бірлігімізді бекем ұстауға негіз болғанын баса айтты. «Біздің мақсатымыз - түркі әлемін 21 ғасырда маңызды экономикалық және мәдени-гуманитарлық кеңістіктің біріне айналдыру. Түркі өркениетін жаңғыртуды ең алдымен Яссауи мұрасы мен қасиетті Түркістанды әлемге танытудан бастауға шақырамын. Сол себепті бүгінгі саммит «Түркістан түркі әлемнің рухани астанасы» деп аталып отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Түркістан қаласы түбегейлі өзгеріп, жаңа келбетке ие болды», - деді Президент.