«Farab» теңдесі жоқ кешенге айналады


4..jpg

Түркістан қаласындағы «Farab» жаңа кітапханасы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес көпфункционалды білім кешені болып жасақталуда. Елімізде теңдесі жоқ жаңа білім алу мекені заманауи технологиялармен жабдықталған жастар орталығына айналмақ. Аймақ басшысы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананы аралап, онда атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

«Бұл орталық білім алып қана қоймай, шығармашылық пен шабытты ұштастырып, бірегей жобаларды жүзеге асыратын кешен ретінде барша кітапқұмар қауымның сүйікті мекеніне айналары сөзсіз. Ол үшін барлық жағдай жасалады»,-деді облыс әкімі.

Үш қабатты шығармашылық шаңырақ әртүрлі аймақтарға бөлінген. Оқу залдары мен кітап сөрелері іріктеліп, орнатылған. Ең жоғарғы әрі жарық қабатында үлкен кітапхана жайғасқан. Онда Қазақ елінің атақты қайраткерлері мен қаламгерлері мен әлемнің үздік ақын-жазушыларының әр жылдары жазылған туындылары, естеліктері мен күнделіктері жиналуда.

Екінші қабатта алуан түрлі студиялар, шеберханалар мен қолөнер дүкендері орналасады. Бұл жерде кез-келген оқырман үшін кітаптан шабыттанған дүниелерді өз қолымен жасап шығаруға мүмкіндік бар. Бірінші қабатта Fab-lab орналасқан. Мұнда кітапқұмар қауым бір-бірімен кездесіп, бас қоса алады. Жаңа туындылардың тұсауын кесуге барлық жағдай жасалған. Төменгі қабатта ғылыми - зерттеу орталығы, яғни негізгі кітап сақтау қоймасы орналасқан. Бұл жерде өте сирек кездесетін кітаптар мен монускриптілер сақтаулы. Сонымен қатар, мұндағы үлкен зерттеу орталығы құнды дүниелерді сақтап қалу үшін оларды қайта қалпына келтіріп, цифрландырады.

Ұйымдастырушылардың ойынша, Әл-Фарабидің музыка туралы трактатын оқығаннан кейін, адам өз туындысын немесе тіпті музыкалық шығармасын жасауға шабыт алуы мүмкін. Сонда Fab-lab-тағы заманауи технологияларды қолдана отырып, өнер туындысын жарыққа шығарып, тіпті жаңа музыкалық аспапты ойлап таба алады. Ол үшін осында дыбыс жазу студиясы орналасқан. Орталықта би ұжымымен бірге өз қойылымын ойлап тауып, оны осында орналасқан кино-концерт залында көрсетуге немесе атриумда таныстыруға болады. Осылайша, жаңа кітапхана шығармашылық арманның жүзеге асуына толық мүмкіндік береді.


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Азық-түлік бағасын назарда
  • Мүгедек жандар жарысады
  • «TEN QOGAM» тең мүмкіндік беруде
  • Энергия үнемдегіш шамдар орнатылуда.
  • Полицейлер түнгі уақытта жүрген 90 жасөспірімді анықтады