Шымкент қаласы тұрғындарын сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ету басты мақсаттардың бірі. Осы салада қала аумағында бірқатар шаруалар, кәсіпкерлер саланың дамуына сүбелі үлестерін қосуда.
Солардың бірі Еңбекші ауданы, Абдуллабад тұрғын алабында орналасқан ауыл шаруашылығы саласындағы тауар өніміндерін арттыру бағытында жұмыс жүргізіп келе жатқан «Зертас» шаруа қожалығының тауарлы сүт фермасы. 2019 жылы жаңадан құрылған асыл тұқымды сүт бағытындағы шаруашылық ең алдымен Австрия мемлекетінен 128 бас сүтті-етті бағыттағы асыл тұқымды (Симменталь) сиырларын алып келіп, өз жұмысын бастады. Бүгінгі таңда шаруашылықта жалпы ірі қара мал басының саны-317 ге жетіп, оның ішінде сүтті бағыттағы сиырлардың саны - 161 басты құрап отыр.
Жалпы аумағы 2,2 гектарды құрайтын шаруақожалықта заманауи «Параллель» сауу қондырғысы, сүтті жинауға арналған салқындатқыш танкер секілді инновациялық теxнологиялар және сиырларды тұрақты ұстау, асыл тұқымды бұзауларды өсіру аймақтары бар. Бұдан бөлек, шаруашылық мал азығын дайындауға арналған арнайы құрылғылармен, ауыл шаруашылылық техникаларымен қамтылған.
Мемлекет тарапынан өндірілген сиыр сүтіне және сатып алған жемдік азықтың құнына «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігі мен өнім сапасын арттыруды субсидиялау» бағдарламасымен былтырғы жылы 15,4 млн теңге субсидия бөлініп, мемлекеттік қолдау көрсетілген. Мұнда әр бастан тәулігіне орташа есеппен 22 литр сүт алынып, жылына өндірілетін сүттің көлемі 1000 тоннадан асады.
Алдағы уақытта бұл шаруа қожалық мал басының санын арттыру үшін қосымша қора жай құрылысын жүргізіп, сүт өнімінің көлемін көбейтуді және халықты табиғи әрі сапалы сүт өнімімен қаматамасыз етуді жоспарлап отыр.
Айта өтсек, өткен жылы ауылшаруашылығындағы өндірілген өнімнің жалпы көлемі 36,1 млрд. теңгеге жеткен. Оның ішінде мал шаруашылығы саласы - 21,9 млрд. теңгені құрап, 47,0 мың тонна сүт өндірілген. Ал 2020 жылдың 9 айында ауданда «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігі мен өнім сапасын арттыруды субсидиялау» бағдарламасы бойынша 167 956 млн теңге субсидия берілген. Атап айқанда, мал бордақылау үшін – 25,9 млн, сүт өндіру, ірі қара малды селекциялық және асылдандыру жұмыстарына – 67,5 млн, құс шаруашылығына – 23,7 млн, бал ара шаруашылығына – 44,7 млн теңге субсидия берілген.