Шымкент қаласының табиғаты жанға жайлы. Жазы ыстық, қысы жылы. Мұнда мал шаруашылығымен айналысу өте қолайлы. Қысы қысқа Шымкентте шаруалар мал ашығып қалады деп уайым шекпейді. Күн жылығанда сыртқа шығарса, мал өз азығын өзі тауып жей алады. Сондықтан да Шымкент маңында мал шаруашылығымен айналысқан өте тиімді. Табиғаттың осы сыйын пайдаланып шаруашылығын дөңгелетіп жатқан шаруалар аз емес.
Қаланың Қаратау ауданы Сайрам тұрғын алабында орналасқан «Алтынсай» шаруа қожалығы биыл үшінші тоқсанда жұмысын бастады. Инвестордың өз қаражаты есебінен іске қосылған кәсіпкерлік нысан 25 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов жылқы және ірі қара бордақылауға маманданған өндірістің жұмыс барысын аралап көрді. Жоба құны – 770 млн теңге. 5 га аумақта орналасқан шаруа қожалық жылына 1000 бас жылқы бордақылауға қауқарлы.
Аталған кәсіпкерге 84 млн теңге мемлекеттік қолдау көрсетілген. Нәтижесінде ішкі нарық жылқы етімен қамтамасыз етілуде. Қазіргі таңда мұнда малдар бордақылануда. Осы арқылы қалада ет тапшылығын болдырмай, республиканың өзге аймақтарына ет жөнелту мүмкіндігі бар.