Салауатты өмір салтын қалыптастыру жас ұрпаққа маңызды екені даусыз. Ебасы Н.Ә.Назарбаев бұқаралық спортпен шұғылданушылардың санын республика көлемінде 2020 жылға дейін 30 пайызға жеткізуді тапсырған болатын. 2013 жылдан бері Тұңғыш Президентіміздің Жарлығымен тамыз айының үшінші жексенбісі спортшылар күні болып белгіленіп, осы бұқаралық спортты дамыту мақсатында жыл сайын аталып өтуде.
Аталған күнге орай Сайрам ауданы Қарасу ауылы "Рауан" спорт кешенінде кіші футболдан турнир өтті. Аудан жастары бұл күні алаңда ала доп теуіп, шеберліктерін көрсетті. Ойын соңында жеңімпаз командаларға ұйымдастырушылар тапарынан сый-сыяпаттар табыс етілді.
Жастарды салауатты өмір салтын қалыптастыруға бейімдеу, достықты арттыру, жас буынның спортқа деген қызығушылығын арттыруды мақсат еткен іс-шараға спорт жанашыры Қуатбеков Қадыр ағамыз мұрындық болды. Сондай-ақ халық қалаулысы Байсейіт Жамалбеков ағамыз да қашанда жастарға жанашырлық танытып келеді. Жақсылар мен жайсаңдар жастарға үлгі болып, дұрыс бағытты көрсете білсе өскелең ұрпақтың жат жүрістен аулақ болары сөзсіз.