Халықаралық экономикалық зертеулер бойынша, туризм қаражаттың мемлекетке түсетін түсімі бойынша мұнай мен автокөлік экспортынан кейінгі 3-ші орынды алады. Жоғары дәрежедегі қызмет түрлерін ұсынатын заманауи туризм бәсекеге қабілеттілікті талап етеді. Демалыс орындарындағы мінсіз сервис талғампаз туристердің көңілінен шығуға бағытталады. Ем алу, яки демалу үшін саяхаттау туризмнің классикалық саласы. Қазірде тарихи нысандарға саяхаттаушылардың туризмде үлесі басым.
Бұрын КСРО-дағы туристік әрекеттердің негізгі аймақтары Қырым, Кавказ, Балтық жағалауы және Ресейдің, Орта Азияның тарихи орталықтары болған. Сол уақытта Қазақстандағы көптеген архитектуралық, археологиялық, мәдени және табиғи ескерткіштер жарияланбай , маңызы басыңқы болды. Бірақта КСРО құрамындағы мемлекеттердің аумағында түрлі қазба жұмыстары жүргізіліп, деректер жиналып отырды.
Түркістан қаласындағы көне
ескерткіштердің тарихи маңызы сол тұстың өзінде жоғары еді. Күлтөбе
–Түркiстан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесiнен 350 метр қашықтықта
орналасқан көне қалашық. Біздің заманымызға дейінгі ІІ ғасырдан бастау
алатын Қазақстандағы алғашқы сәулет құрылыстары бар Күлтөбе қалашығы
бірқатар деректерде Күлтөбе Ясы (Асон) деп аталады. Алғаш рет Ясы атауы
монғолдардың ұлы ханы Менгудің ордасына Қазақстанның оңтүстік аймағы
арқылы сапар шеккен армян патшасы І Гетумның жолжазбасында кездеседі. Ол
жерге ең алғаш рет 1972 жылы археологиялық қазба жұмыстары жүргiзiлдi.
Археолог М.Массон осыны негiзге ала отырып, Қожа Ахмет Ясауи кесенесiнiң
оңтүстiк бөлiгiне зерттеу жүргiзу керектiгiн айтқан. Яссы-Күлтөбе
аймағында тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда көптеген зерттеу
жұмыстары жүргізілген. 2003 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы
қабылданғаннан кейін қазба жұмыстары жүргізілген.
Жыл басында өткен Мәдениет және спорт министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлы Түркістан туризмін дамытуға қатысты жоспар жайлы тарқатып айтқан еді. «Жоспарға сәйкес Түркістан қаласының буферлік аймағының 88,7 гектарлық аумағында 18 негізгі аймақ толық реставрацияланып, қайта қалпына келтіріледі. Ең алдымен, жалпы ауданы 27 гектар болатын Түркістан аумағындағы алғашқы қалалық қоныстардың бірі - Күлтөбе қалашығы қайта қалпына келтіріледі. Онда Қожа Ахмет Ясауи дәуірінен қалған 50-ден астам ғимаратты салып, Әбілмәмбет хан қыстағының бастапқы түрін қалпына келтіру көзделген. Жоба ежелгі римдік Помпей қаласының музейі, Осман империясының Топкапы» сарайы, Иерусалим қаласы сияқты әлем ескерткіштерінің тәжірибесіне сүйене отырып, әзірленді. Оларға жыл сайын осы елдердің экономикасына үлкен кіріс әкелетін миллиондаған туристер барады», -деді Арыстанбек Мұхамедиұлы. Мәдениет және спорт министрлігінің Түркістан қаласындағы ортағасырдағы тарихи-мәдени мұра объектілерінің тарихи келбетін анықтау және қалпына келтіру мен оларды танымал туристік орталыққа айналдыруға арналған жобасы аясында ағымдағы жылдың 17 қаңтарынан бастап Күлтөбе қалашығының солтүстік бөлігінде археологиялық қазба жұмыстары басталған.
Археологиялық парктер халықаралық туризмде жоғары сұранысқа ие нысан болып табылады. Мысалы, Жапонияда орналасқан Есонагари тарихи паркі (Yoshinogari Historical Park) жапон экономикасына туризмнен түсетін қаражаттың қайнар көзіне айналған . Саябақтағы өсімдіктер мен ландшафтты безендіру Жапонияның дәстүрі мен климаттық ерекшеліктеріне байланыстырылған. Әлемнің көптеген тарихи парктері сияқты Есонагаридің дамыған инфрақұрылымы бар: тарихи қайта құру бағдарламалары, шеберханалар мен дәріс залдары, ақпараттық және сервистік орталықтар, жоғары деңгейлі қызмет ұсынатын мейрамхана. Парктің аумағы 117 гектар болатын 3 бөліктен тұрады. Күлтөбе қалашығы да болашақта көптеген туристерді қабылдауға қауқарлы археологиялық паркке айналады деп күтілуде. Жобаның миссиясы-2023 жылға дейін Түркістанға келушілер санын 5 миллионға жеткізу.