Қызғалдақ – ғашықтықтың символы!

1556165630798735.jpg

Жылдағы дәстүрге сай Түркістан облысында биыл да «Ақсу-Жабағылының алауы, Шұбайқызылдың жалауы!» атты қызғалдақтар фестивалі болып өтті. Бұған дейін де іскерлігімен танылып жүрген Түлкібас ауданының әкімі Нұрбол Тұрашбаевтың ұйымдастыруымен өткен фестивальдің негізгі идеясы – Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында нақты айтылған атқа міну мәдениеті, ежелгі металл өндіру мен өңдеу технологиясы, «аң стилі өнері», «Алтын адам» жауынгері, түркі әлемі бесігі, Ұлы Жібек жолы қазақ елінің ұлттық брендіне айналған алма мен қызғалдақты насихаттау, жас ұрпақтың санасына сіңіру. 

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында Қазақстан алма мен қызғалдақтың Отаны екенін айтты. Тіпті, қызғалдақ Қазақ даласынан Еуропа елдеріне Ұлы Жібек жолы арқылы жетті деген дерек бар. Бұл – біз үшін мақтаныш әрі үлкен жауапкершілік. Бүгінгі іс-шараның мақсаты – қоршаған ортаны, соның ішінде қызғалдақты қорғауға шақыру, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы туған жерді түлету, туризм мен тарихи орындарды насихаттау бағытындағы міндеттерді орындау. Ендеше сұлулықтың символындай қызғалдақтарымыз мәңгі құлпырып, Түркістан облысы гүлдене берсін! – деді фестивальге жиылған жұртты құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев.

Шара барысында «Шұрайлым – Шұбайқызылым» жас қаламгерлер мен  «Қызғалдақты Түлкібас» композиторлар байқауының жеңімпаздары марапатталды. Жас қаламгер байқауы бойынша 3-орынды Ғылымнұр Кәдірбай (Қытай Халық Республикасы), 2-орынды Арқалық Әмәлиятұлы (Түркістан қаласы), 1-орынды Төлеутай Еламан (Қарағанды облысы), Бас жүлдені Сезім Мергенбай (Түлкібас ауданы) жеңіп алды. Композиторлар байқауы бойынша 3-орынды Әбдімәлік Баишов (Төлеби ауданы), 2-орынды Шерхон Алибеков (Кентау қаласы), 1-орынды Әбілқасым Пернеев (Сайрам ауданы), Бас жүлдені Рысты Шымырбаева (Түлкібас ауданы) иеленді.  

Фестиваль аясында түркістандық жалынды жастар елорданың Нұр-Сұлтан атану құрметіне және Жастар жылына орай елордаға 1000 түп қызғалдақ гүлін сыйға тартты. Бұл гүлдер астанадағы «Ботаникалық баққа» отырғызылатын болады. 

Түлкібас ауданының орталығында орналасқан Шұбайқызыл шоқысында «Қызыл кітапқа» енген Грейг қызғалдағы өседі. Қызғалдақтың бұл түрі Қазығұрт, Төлеби, Бәйдібек аудандарында да көптеп кездеседі. Соның ішінде ең көп шоғырланған жері – осы Шұбайқызыл шоқысы.

– Түлкібастың жөні бөлек, жосығы ерек. Осы Түркібасы төбесіне түркі қағандары ордаларын тіккен. Шұбайқызыл шоқысы 120 жыл бойы «Красная горка» болып жазылған. Тәуелсіздік алғаннан кейін 2012 жылы осында республикалық фотоконкурс өтті. Сонда «Егемен Қазақстан» газетінен бастап, барлығы «Красная горка», «Қызыл қыз», «Қызыл төбешік» деп жазды. Содан мәселе көтеріліп, Шұбайқызыл тарихи атауы қайтарылды. «Шымкенттен – Шұбайқызылға» деген жаяу сапар ұйымдастырылды, үш рет мүшәйра өткізілді. Нұрғали Қадырбаев, Шойбек Орынбай, Парманбай Иса, Серік Жанәбіл, Досай Кенжетай сынды тұғалар үлес қосты. Былтыр осы фестивальге жапондықтар келіп, «осындай табиғи қазынамыз болса біз алтынмен қоршап қояр едік» деп жылады. Голландия президенті Елбасымызға сапарлап барған кезде біздің елден алып кеткен қызғалдақтың 360 түрін жасап шығарып, байығанын айтты. Қызғалдақты сақтай білмесек, құрып кетеді. Осында 8 класта Абай мектебінде оқып жүргенімізде ботаникадан сабақ берген Нұрғали деген ағайымыз «Балалар, Шұбайқызыл атауының шығу мәнісі мынада: осында орда тігілген, мына төбеде «жаным-ай» деп қансырап жатқан батырдың қаны төгілген. Бұл содан өскен қызғалдақ, ұмытпаңдар» деді.  Қызғалдақты қыздардай, қыздарды қызғалдақтай қадірлейік, – деді жазушы Мархабат Байғұт. 

Қызғалдақ қазақ халқының түсінігінде көктемнің, жаңа өмірдің жаршысы. Отандық дәрігерлер бұл өсімдіктің бауыр ауруларына қарсы емдік қасиеті барын айтуда. Өсімдіктер әлемінде ерекше орын алатын табиғи дала гүлі қызғалдақтың шығуы, өсуі, көбеюі, таралуы биология саласында ғылыми тұрғыдан зерттеліп келеді. Фестивальге биология ғылымдарының докторы, Ресей жаратылыстану академиясының академигі, Ільяс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің «Химия және биология» кафедрасының оқытушысы Әшімхан Қанаев арнайы келді. Ол қызғалдақтың 3000-нан көп түрі барын, соның ішінде 35-тен аса түрі Қазақстанда өсетінін айтты. 

«Шырайлым – Шұбайқызылым» іс-шарасы аясында «Түркістан бренді» облыстық фотосуретшілердің байқауы басталды. Мақсаты – облысымыздың аудан, қалаларының ерекшелігін, құндылыққа айналған дүниелерін Қазақстан мен шет елдерге насихаттау, облысымыздың брендіне айналдыру. Мамандар байқаудың бастауы ретінде Түлкібас ауданының бренді қызғалдақты фотоға түсіретін болады. Бұл байқау бес ай бойы әр аудан, қалаларда жалғасын тауып, қыркүйек айында қорытындысы белгілі болады.

Дәстүрлі шара барысында «Шұбайқызыл – қызғалдақтың отаны» театрландырылған қойылымы мен «Шұбайқызыл қызғалдағым» сазды-хореографиялық көріністер қойылды. Қалың жұртшылық тақырыпқа сай әсем ән мен биді тамашалады. Бұдан бөлек, «Табиғат сақшылары» облыс аймағындағы мемлекеттік қорықтардың көрмесі ұсынылды. Көрмеге «Сайрам-Өгем», «Ақсу-жабағылы», «Қаратау» табиғи қорықтары музейінің экспонаттары қойылды. Келушілер «Қызғалдақ сарайы» облыстық суретшілер көрмесінің ең таңдаулы туындыларын тамашалады.

Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Арыстан ұстаз - шағалалы Шардарада
  • Әйгілі имам жастарды имандылыққа шақырды
  • Киелі шаһарда мейрамхана бизнесі өркендеп келеді
  • Түркістан мейрамханаларының жұмысы қарқынды
  • Түркістанда ұлттық тағамдар орталығының жұмысы қарқынды