Шымкентте отбасына арналған әлеуметтік және қайырымдылық фестиваль өтті


Шымкент қаласында алғаш рет өткізілген фестивальді қалалық Отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасы жергілікті белсенділермен бірлесіп ұйымдастырды.


Otbasy Fest фестивалінде 100-ге жуық мемлекеттік мекеме мен жекеменшік компаниялар келіп кеңес беріп, қызметі мен тауарын ұсынды. Осылайша, ата-ана мен балаға қажет қызметтердің барлығы да бір ортада тоғысып, бірікті. Фестивальге қалалық басқармалар мен Еңбекші, Абай, Әл-Фараби мен Қаратау ауданы әкімдігінің өкілдері қатысты. Олар өз салалары бойынша қойылған сауалдарға жауап берді. Сондай-ақ, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасына қарасты №1, №2 қалалық емханасының дәрігерлері халыққа тегін кеңес беріп, қызмет көрсетті. Тұңғыш рет қолға алынған іс-шарада барлық қызмет түрі тегін болды.

Мәселен, «Қасиетті жол» балаларды оңалту орталығының логопед, психолог және тағы басқа мамандары фестивальде тегін кеңес беріп, практикалық жаттығулар жасады. Бұл орталық қазақстандық әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардағы және балалар үйіндегі сал ауруына шалдыққан балаларға тегін оңалту қызметтерін жүйелі түрде ұсынады.


Шымкент қаласының отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Жандос Қалтаевтың айтуынша, бұл фестиваль 15 мамыр – Отбасы күніне арналған іс-шаралардың қорытындысы екен.

«15 мамыр – Отбасы күні. Сол күннен бастап арнайы онкүндік іс-шаралар жоспарын бекіттік. 15 мамырдан бастап 25 мамырға дейін отбасына арналған іс-шара өткізілді. Ал бұл Otbasy Fest әлеуметтік және қайырымдылық фестивалі сол онкүндіктің қорытындысы болып отыр. Осы уақытқа дейін атқарылған шаралар, келген демеушілер, қонақтар, медициналық мекемелер – бәрі осында. Отбасылық ойындар ұйымдастырылып жатыр. Жастарға отбасын құрғанда неге назар аудару керек, денсаулығын қалай жақсарту керек екені туралы кеңестер беріп, отбасына қажет құндылықтарды насихаттайды», - деді Жандос Қалтаев.


Оның сөзінше, тұңғыш рет өткізілген фестиваль алдағы уақытта дәстүрлі түрде өткізілмек.

«Мемлекет бюджетінен бір тиын да жұмсалмады. Қазір отбасылар арасында ажырасу жиілеген. Мұның себептері әртүрлі. Мінез-құлқы бір-біріне сай келмейді, әлеуметтік мәселе, денсаулықтары дұрыс болмайды. Тағы басқа әртүрлі мәселе бар. Былтырдан бастап отбасы басқармасы құрылғалы, 2013 жылдан сараптама жасадық. 2013 жылы 100 некенің 26-сы ажырасумен аяқталған. Қазір бұл көрсеткіш 38-ге ұлғайды. Қазір арнаулы әлеуметтік көмек аламыз деп шартты ажырасып жатқан отбасылар бар. Біз соған қарсы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Арнаулы әлеуметтік көмек алуға ажырасудың еш әсері жоқ. Ажыраспай да атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсырып, төлем алуға болатынын түсіндірудеміз», - дейді ол.

Орталық саябақта ұйымдастырылған фестивальдің локациясы өте ыңғайлы екен. Барлығын көріп, аралап шығуға мүмкіндік жасалған. Басқарма басшысының айтуынша, мұндай фестиваль өткізу идеясын Тұран моделс агенттігі мен басқа да белсенділер ұсыныпты.

«Сол идеяны жетілдіре келе, Отбасы фестивалін ұйымдастыруды шештік. Шымкент – республикалық маңызы бар қала мәртебесін алып, миллионды қала болғалы тұрғындардың белсенділігі ұлғайды. Халық жағдайын жақсартуға ұмтылады. 40 шақты жекеменшік компания қатысуға ұсыныспен келді. Отбасына арналған қызметтер, тауарларды ұсынатын, сататын компаниялар қатысып жатыр. Бүгінгі іс-шара сәтті өткендіктен, келер жылға дейін тағы да бірнеше рет өткізуді жоспарлап отырмыз», - деді басқарма басшысы.


Отбасы фестивалін ұйымдастыру идеясын басқармаға ұсынған белсендінің бірі – Айғаным Тұран. Екі баланың анасы. Жамбыл облысының тумасы. Алматыда өскен.

«Алматыда мұндай іс-шаралар көп өтеді. Соған баратынмын. Шымкентке тұрмысқа шыққаннан кейін, осында сәбилі болып, бірақ балаларды апаратын осындай іс-шаралардың жоғын байқайтынмын. Содан Алматыдағы таныстарым хабарласып, Шымкентте отбасына арналған іс-шара ұйымдастыруды ұсынды. Отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармаға ұсынысымызды айтып, олар қолдап, міне өткіздік. Бүгінгі фестивальдегі түрлі ойындарды, басқа да іс-шараларды ұйымдастыру үшін шетелдік ивент-агенттіктердің идеяларын алып, соны жергілікті халыққа бейімдедік. Шымкентте, жалпы Қазақстанда саябақтардағы көк шөп үстінде отырып, демалыс ұйымдастыру жағы дамымаған. Бізде газонды басуға тыйым салады. Ал шетелде көк шөп үстінде отырып, демалады. Осы жағын бізде дамытамыз», - дейді Айғаным Тұран.


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Арыстан ұстаз - шағалалы Шардарада
  • Әйгілі имам жастарды имандылыққа шақырды
  • Киелі шаһарда мейрамхана бизнесі өркендеп келеді
  • Түркістан мейрамханаларының жұмысы қарқынды
  • Түркістанда ұлттық тағамдар орталығының жұмысы қарқынды