Енді еңбек мигранттары мемлекеттік қызметтерді халыққа қызмет көрсету орталықтарының стандартына сай «бір терезе» қағидаты бойынша ала алады. Бұл еліміздегі көші-қон қызметтерін көрсететін он бесінші орталық.
Жаңа орталықтың ашылу салтанатына Түркістан облысының акімі Өмірзақ Шөкеев, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорацияссының басқарма төрайымының орынбасары Біржан Жүнісов, Түркістан облыстық полиция департаментінің басшысы Қайрат Дәлбеков қатысты.
«Бұрын шетелдіктер жұмыс істеуге рұқсат алу үшін бірнеше күн түрлі мекемені аралауға мәжбүр еді. Енді олар ЖСН алу, салық төлеу, медициналық тексерістен, дактилоскопиядан өту, сақтандыру анықтамасына қол жеткізу секілді құжаттарды бір жерде, бір сағаттың ішінде рәсімдеу мүмкіндігіне ие болды. Мемлекеттік қызметтер белгіленген уақыт регламентіне сай электрондық кезек арқылы арнайы жабдықталған жұмыс орындарында жүзеге асырылады. Бұл мигранттар үшін ғана емес, жұмыс беруші үшін де өте қолайлы. Көші-қон орталығының ашылуы жұмыс барысын жеңілдетіп қана қоймай, сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің де алдын алады», - дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Ержан Жеңісбеков.
Сонымен қатар, осы жылдың ақпан айынан бастап «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының миграциялық ХҚО арқылы көрсетілетін қызметтер саны толыға түсті. Енді Қазақстан Республикасына уақытша келетін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар көші-қон қызметтері орталығының қызметіне жүгіне алады. Бұған дейін бұл қызмет тек ҚР ІІМ көші-қон комитеті тарапынан көрсетілетін.
Жаңа қызмет түрін пайдалану үшін шетелдік азаматтың өзімен бірге келесі құжаттары болуы тиіс:
- ҚР аймағына кіруге визасы бар шетелдіктің не азаматтығы жоқ адамның жеке басын куәландыратын жарамды құжаты;
- Шекараны кесіп өткені туралы белгісі бар көші-қон карточкасы;
- Еркін түрде жазылған қолдаухат.
Қызмет алушылар ҚР аймағына 6 айдан артық мерзімге келетін болса, қосымша толтырылған 2 мекенжайға келу парағын, келу парағына толтырылған статистикалық есепке алу талоны мен 3,5*4,5 көлеміндегі бір фотосурет тапсыруы керек.
Жаңадан қосылған қызметтен бөлек, мұнда шетелдіктер жұмыс істеуге рұқсат беретін құжатты алып, ҚР аумағына уақытша келетіндер жеке сәйкестендіру нөмірін рәсімдей алады.
Айта кету керек, Түркістан қаласында биылғы жылдың басынан бері миграция бағыты бойынша 6700 қызмет көрсетілген.
Жаңа фронт-офис Түркістан қаласы 160 квартал, №209 ғимаратта орналасқан. Орталық дүйсенбі-сенбі күндері аралығында 9:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді.