Биыл 12 мың көпбалалы отбасы қоныс тойын тойлайды. Бұл Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің қағазға жазылған жоспары, әзірге. Тең жартысы жалға, алты мыңы жеңілдетілген несиемен беріледі. Қазір кезекте 31 мыңнан аса көпбалалы отбасы тұр екен.
"Бүгінгі күнгі кезекте тұрған көпбалалы отбасылары 2025 жылға дейін толықтай өз үйімен үкімет тарапынан қамтылады. Сол себептен оған қобалжымасын", - деді ҚР индустрия және инфрақұрылдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев.
Әзірге 259 пәтер жалға беріліпті. Енді ескертулерге ойыссақ. Қоныс тойын тойлап болған соң сақ болған жөн. Жалға берілген баспанадан айырылып қалуыңыз мүмкін. Ол үшін құдай қосқан көршілеріңіз айғай-шудан жалығып, үстіңізден арыз жазса болғаны.
"Егер алты ай бойы жалға алу ақысы мен коммуналдық төлемдерді өтемесе, мүлікті қасақана бүлдірсе немесе пәтерді мүлде басқа мақсатқа қолданып жатса, ол баспанадан шығаруға мәжбүр боламыз. Егер отбасы басқа пәтер алып, бізден алған тұрақты жалға берем десе оған жол бермейміз", - дейді ҚР Индустрия жән инфрақұрылымдқ даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев.
Егер 60 шаршы метрлік пәтер 15 млн теңгеге беріледі деп есептесек, ай сайынғы төлем 75 мың теңгенің шамасында болады. Пәтерді тар көргендер жер үйлерді де ала алады. Бұл талап жеңілдетілген несие шеңберінде қарастырылған. Банк басшысы одан да тар үйде тұрғанбыз деп басу айтты.
Осы айдың соңына дейін кем дегенде 1200 көп балалы отбасы пәтер кілтін қолына алуы тиіс. Айтпақшы жыл сайын жалдамалы пәтер салу мен сатып алу мақсатына өңірлерге 50 млрд теңгеден бөлініп отырады деп шешілген. Қаржының мақсатты жұмсалуын қатаң қадағалаймыз деп отыр шенділер.