Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жариялаған үндеуіне байланысты пікір білдірді.
Бұл туралы ҚазАқпарат жазды.
"Мемлекет басшысы Қазақстан халқына үндеуін жасап, елімізде қалыптасқан ахуалды тұрақтандыру үшін тиісті шаралар жалғасып жатқанын айтты. Қазіргі таңда мемлекет барлық өңірдегі жағдайды толық бақылауда ұстап отыр. Ең бастысы, еліміз бойынша конституциялық заңдылық орнатылды. Бұл – Президентіміз айтқандай, енгізілген төтенше жағдайдың нәтижесі" - деді ол.
Ол халықты арандатушылар мен алып-қашпа әңгімелерге ермеуге шақырды.
"Шын мәнінде, біз аз күннің ішінде тыныштық пен тұрақтылықтың кез келген уақытта қолдан сусып кетуі мүмкін екенін түсіндік. Дау көбейсе, жау көбейеді дейді. Сондықтан қазір арандатушылар мен алып-қашпа әңгімелерге ермеу аса маңызды. Сын сағатта Президентімізге қолдау білдіріп, мемлекеттілікті сақтау жолында жұдырықтай жұмылуымыз керек",-деді Сенат төрағасы.