«TURKISTAN OPEN MEDIA-2020» форумында пандемия тұсындағы инфодемия туралы айтылды

f131a00f-90f9-4583-9489-8013e44c4033.jpg

Пандемия қандай қауіпті болса – инфодемия немесе инфопандемия да сондай қауіпті.  Оның таралу жылдамдығы пандемиядан да асып түседі. 

Инфодемия дегеніңіз – шындыққа жанаспайтын, ел-жұрттың үрейін ұшыратын, жалған ақпараттар легі. Бұл терминді Дүниежүзілік денсаулық сақтау саласы биылғы ақпан айынан бастап қолданысқа енгізді. Инфодемия қазіргі таңдағы ең өзекті, күн тәртібіндегі тұрған мәселе саналады.  Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен биыл екінші мәрте өткен «Turkistan open mеdia-2020» форумында дәл осы тақырып талқыға түсті. Шара биыл онлайн конференция режимінде жүргізілді.

Жалған ақпаратты тоқтату адам өмірін сақтап қалады

«Пандемия тұсындағы инфодемияның бүгіні және ертеңі» тақырыбында өткен шараны ашқан Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Ғалымжан Елшібайдың айтуынша, бүкіл әлем бойынша мыңдаған бұқаралық ақпарат құралдары, ақпараттық порталдар, әлеуметтік желілердегі миллиондаған қолданушылардың коронавирус жайлы түрлі ақпарат таратуы – инфодемияның асқынған түрін білдіреді. Сол үшін жалған ақпараттар тасқынын сарапшылар эпидемия, пандемияға ұқсастырып отыр.  Мамандардың айтуынша, жалған ақпараттың таралуын тоқтату – талай адамның өмірін сақтап қалуға әсер етеді. Себебі, біріншіден, инфодемияға арбалған адам түбі депрессияға ұшырайды. Өмірден түңіледі, үмітсіздік пайда болады. Екіншіден, коронавирустың таралуын шектеуге бағытталған шараларды сақтануға  құлықсыз келеді. 

Screenshot_2.jpg

Бүгінгі таңда интернетте және әлеуметтік желілерде коронавирустың пайда болуы, таралуы және оны емдеуге байланысты түрлі шындыққа жанаспайтын ақпараттар, спекуляциялар, қисынсыз болжамдар таралуда. 

Жиында онлайн жүйесі арқылы сөз алған спикерлердің арасында Мәжіліс депутаты да болды. Конференцияға қатысушыларға елордадан сәлем жолдаған Дархан Мыңбайды депутат дегеніңізбен жұртшылық тәжірибелі журналист, білікті идеолог ретінде біледі. 

Screenshot_5.jpg

-Пандемия мен инфодемия нағыз бүгінгі күннің тақырыбы. Осындай мәселе төңірегінде пікірталас ұйымдастырған Қазақстан Журналистер одағының Түркістан облыстық филиалына, Халықаралық қазақ-түрік университетіне  алғыс білдіреміз. Жалпы қазір журналистика қоғамның айнасы. Ақпарат құралы  ұжымның насихатшысы, ұйымдастырушы деген анықтамалардың бәрі ескірген. Меніңше, масс медиа дегеніміз оқырмандарды, көрермендерді қалыптастыруға қызмет етеді. Таңдау құқығы көрерменде. Соған сәйкес ақпарат құралдарының таратқан өнімнің сапасы өте жоғары деңгейде болуы тиіс,-деді Д.Мыңбай.  

Бұдан кейін Түрістан облыстық тауарлар және қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышанов облыста COVID-19 ауруына қатысты эпидемиологиялық ахуалға тоқталып өтті. Облыстың бас санитарының айтуынша, өңірде бүгінге дейін коронавирус жұқтырған 619 науқас тіркелен. Оның 307-сінің клиникалық белгілері бар болса, қалғанының ауруы симптомсыз өтуде. Аурудың 20 мен 29 жас аралығындағы азаматтарда көптеп кездесетіні байқалған. Облыста алғашқы науқас наурызда тіркелсе, сәуірден бастап жағдай күрделене түскен. Бүгінге дейін 39 мыңнан астам адам коронавирусқа тексеруден өткен. Облыста бұл үшін 4 зертхана жұмыс істейді. Тәулігінде 600-700 сынаманы тексеруден өткізуге мүмкіндік бар. Кейінгі кездері карантин режимін бұзудың салдарынан тұмау мен пневмония дерттерінің көбейгені байқалады. Аудан қалаларда 11 мобильдік топ мониторинг жүргізуде. Бір аптада санитарлық талаптарды бұзудың көптеген фактілері анықталып, 45 әкімшілік хаттама  сотқа жолданған. Соңғы күндерде кейбір шектеулер қайта енгізілген. Соның ішінде қоғамдық көліктердің жұмысы шектелді. Саябақтардың жұмысы тоқтатылды. Мекеме қызметкерлерінің 75 пайызына қашықтан жұмыс істеу ұсынылған. Бас санитар әңгімесінің соңын «аурудың емін іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деген ежелгі халық даналығын еске салумен аяқтады. 

Журналист қауіпсіздігі

Ал облыстық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов тексерілмеген, дұрыс емес ақпараттың қоғамда дүрбелең тудыруы мүмкін екендігіне тоқталды. Кейбір үрейлі негізсіз ақпараттар адамдарды депрессияға алып келетіні де дәлелденген. Сондықтан қоғамдық пікірді қалыптастыруда ақпарат құралдары өкілдерінің ішкі мәдениетінің, білім-біліктілігінің, жауапкершілігінің маңызы зор.  

-Журналистердің жеке басының қауіпсіздігін сақтау да өзекті мәселе. Кейде сұхбат алып жатқан журналистерге қарап отырып, қарапайым қауіпсіздік талаптарының сақтала бермейтінін байқаймын. Сұхбат берушіге бір қырымен тұрған дұрыс. Мүмкіндігінше сұхбатты жабық ғимаратта емес, ашық далада алған жөн,- деді облыстың бас дәрігері. 

- Пандемия және Мақтаарал, Төлеби аудандарында болған су тасқыны кезінде өңірдің журналистері өздерінің кәсіби міндеттерін орындап, қалыптасқан жағдай туралы, жергілікті атқарушы органдардың жұмыстарына қатысты ақпарат таратып отырды. Коронавирусқа қарсы күрес басталғалы орталық коммуникациялар қызметі де шұғыл жаңалықтарды жүйелі түрде беріп отыр.  Сегіз мыңнан астам ақпарат баспа, порталдар мен әлеуметтік желі арқылы  жарияланды,- деді облыстық Қоғамдық даму басқармасының басшысы Дамир Жүнісов.  

Тексерілмеген ақпарат және журналист жауапкершілігі

Инфодемияның басты көрінісі – тексерілмеген ақпаратты тарату. Бұл ретте әрбір журналист немесе блогер коронавирусқа қатысты қандай-да материал, пост жазатын болса әрдайым осы жауапкершілік мәселесін ойда ұстауы тиіс. Онлайн-конференцияның спикері, медиатренер, белгілі журналист Жұлдыз Әбілдә «Тексерілмеген ақпарат және журналист жауапкершілігі» тақырыбында баяндама жасады. 

Баяндамашының пікірінше, ақпарат құралының өкілі өзі таратқан әрбір мәліметтің жауапкершілігін терең сезінуі тиіс. Себебі әрбір ақпарат қоғамға әсер етеді. 

Screenshot_4.jpg

-Мәселен пандемия енді бастағалған кезде «азық-түлік тапшылығы болады», «тамақ жетіспейді» деген ақпаратқа дүрліккен жұрт жаппай дүкендерге ағылып, бұл жағдай коронавирус инфекциясының таралуына жағдай жасады. «Коронавирусті жұқтырмау үшін жиі-жиі парацетамол дәрісін ішу қажет» деген ақпарат та таралып жатты. Ал дәрігерлердің айтуынша, парацетомол препаратаның бауырға кері әсері бар,- деді Жұлдыз Әбілдә. 

Журналистің айтуынша,  әр мәліметті әр ақпарат құралы әртүрлі таратады. Кейбір ақпарат құралдары болмашы жаңалықты дабырайтқанға құмар. Ғалымдардың коронавирустың еміне қатысты айтқан сөздерін үзіп-жұлып, мың құбылтып беріп, нәтижесінде жұртты адастыратын журналистер, ақпарат құралдары да жоқ емес. Мәселен коронавирустың емі ретінде әлдебір дәрілердің аттарын атаған ақпарат құралдары да кездескен. Алайда ол дәрі тек ауыр халде жатқан науқастарға ғана қолданылады. Тамақты ас содасы қосылған сумен булау, спиртті қолдану сияқты емдеу, алдын алу  шаралары туралы да осыны айтуға болады. Журналист мұндай ақпараттарды таратар кезде сарапшылардың, дәрігерлердің  пікіріне жүгінгені жөн. 

Тағы бір өзекті мәселе – коронавирус кезеңіндегі журналистердің қауіпсіздігі. Өкінішке қарай, елімізде бірқатар әріптестеріміздің кәсіби міндеттерін орындау барысында осы қатерлі індетті жұқтырып алғанына қатысты ақпараттар тарады.  Жалпы, журналист COVID тақырыбымен қалай жүмыс істеуі керек, қалай ізденгені жөн, қай мәселеге көбірек назар аударуы тиіс? Бұл сұрақтар да әрбір журналистің кәсіби жұмысына тікелей қатысты әрі маңызды. 

Коронавирус індетін жұқтырып алған журналистердің бірі тараздық әріптестеріміз, ерлі-зайыпты Нұридин және Маржан Рақай. Онлайн конференцияға Тараздан отырып қатысқан, Жамбыл облыстық «Ақжол» газетінің бөлім меңгерушісі Маржан Рақайдың айтуынша, жұбайы Нұридин дертті мемлекеттік қызметте жұмыс істеп жүрген кезінде жұқтырған. Алғашқы кезде жұбайлар бұл жағдайды жұртшылыққа жариялағысы келмеген.

Screenshot_7.jpg

-Байбалам салып, хайп жинау ойымызға келген жоқ. Жолдасым  ауруханада жатты. Бұл жәйттің әлеуметтік желіге шығып кетуіне  COVID-19 ауруымен науқастанғаны туралы зертхана нәтижесін ала алмауымыз себеп болды. Байқасаңыздар, ауруды емдеу өз алдына, осы аурудың бар-жоғына сену-сенбеу өз алдына бөлек мәселе. Жұрттың бірі аурудың барына сенеді, енді бірі сенбейді. Дәрігерлер тарапынан ауруды жұқтыру туралы анықтаманы дер кезінде берілмеуі адамды екіұдай пікірде қалдырғаны рас,- деді Маржан Рақай. 

Форумда сөз алған Халықаралық қазақ-түрік университеті журналистика кафедрасының меңгерушісі Бекжігіт Сердәлі журналист мамандарын, даярлауға қатыст пікір білдірді. Оның айтуынша,  қазіргі уақытта аталған униеверсиетте цифрлық журналистика мамандарын даярлау қолға алынған. Жалпы журналистикадағы ең қажетті дүниенің бірі - тәжірибе алмасу.  Осыған байланысты оқу ордасында білікті журналистерді шақырып, шеберлік сыныптарын өткізу қалыпты үрдіске айналған. 

Screenshot_6.jpg

Конференцияда өз ой- пікірін ортаға салған мамандардың айтуынша, коронавирустың әсер етпеген саласы қалмады. Оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары да бар.  COVID-19  адамның өміріне, мемлекеттердің экономикасына қалай қауіп төндірсе, медианарыққа да әсері орасан екенін мойындауымыз қажет. Әлемнің көптеген елдеріндегі ақпарат құралдары үлкен қиындыққа тап болып жатыр. Біраз журналистер жұмысынан айырылды. Бұл Еуропаға да, Америка мен Азияға да тән үрдіс болып отыр.  Карантин тағы үш айға, алты айға, 1-2 жылға созылса газет-журналдардың, телеарналардың жай-күйі не болатынын болжау қиын. Сондықтан ақпарат дұрыс таратылуы үшін ақпарат құралдарының жағдайы да дұрыс болғаны қажет. 

Бұл мәселенің алда талай алқалы жиындардың негізгі тақырыбы болары айдан анық. 


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Түркістан облысында жаңа әдіспен бірегей ота жасалды
  • Түркістан облысында оталар жоғары деңгейде жасалады
  • Шетелдік мамандар облыстық аурухана жұмысын жоғары бағалады
  • Түркістанда әлемнің 350 дәрігері қатысқан конференция бас
  • Түркістан – қасиетті өлке