13 жастағы ана…

199

 

   Күн сайын әлемде 20 мың жасөспірім қыз босанады. Ал елімізде жыл сайын кәмелекетке толмаған 1000 қыздың 30-ы өмірге сәби әкеледі. Швецияда 1000-ның төртеуі, Оңтүстік Кореяда екеуі. Қазақстандық жасөспірімдердің туу статистикасы Еуропа елдеріне қарағанда алты есе көп екен. Еліміздегі ең жас ана небары 13-те ғана, Оңтүстік Қазақстан облысында. Демек, «Қызға қырық үйден тыйым» деген қазақи қағида сақталса  отбасылардағы   тәрбие осыншалықты  осалдыққа ұрынар ма еді?  

Соңғы 5 жылда Қазақстанның 19 қаласында 25 Ана үйінің ашылуы да  тегіннен-тегін емес екен. Піспей үзілген алма тәрізді жас аналардың кейбірі құрсағындағы шаранасын өлімге қимай, ата-анасынан қашып, осы Ана үйін паналайды. Кейбір қыздар амалсыздан сәбилерінен бас тарту туралы шешім қабылдайды. Осындай қиын сәтте Ана үйінің үйлестірушілері перзентханаға келіп жас аналармен сұхбаттасады екен. Оларды Ана үйінде сәбиімен бірге қажеттілігіне сай мерзімге – бір жылға дейін – тұруға ұсыныс жасайды. Бастапқыда сәбилерінен бас тартпақшы болған аналардың 71 пайызы Ана үйіне келген соң нәрестелерін тастамауға шешім қабылдайды. Ана үйі жобасы ашылғаннан бастап, яғни 2013 ж. бері сәбилер үйіне түсетін балалардың саны 46,3 %-ға азайды. Осылайша «АНА ҮЙІ» қоғамдық қорының әлеуметтік жетімдікті азайту бағдарламасының нәтижелігін байқауға болады. Шымкент қаласындағы № 1 Ана үйінің үйлестірушісі Қалдар Жұмабайқызының айтуынша, аталмыш орталық меценаттары мен мамандары жас аналарға жанашырлық таныта отырып, олардың өмірдегі өз орындарын табуына жәрдемдесуді мақсат етеді.

«Өкінішке қарай, кейбір бүлдіршін қыздарымыздың өте ерте ана атанғанын көрдім. Ана үйінде істеген екі жылымның ішінде үш рет мектеп оқушыларын қабылдадық. Біріншісі, небары 16 жаста болатын. Ол қыздың анасы қайтыс болған, ал әкесі қызының тәрбиесіне аса назар аудармаған. Екіншісі де 16 жастағы қыз. Ол да толық емес отбасында өскен. Үшінші қызымыз біздің Ана үйіне 15 жасында паналаған. Әлгі қыз жазғы демалысынан мектепке қайтып келмегеннен кейін, оқушыларына алаңдаған ұстазы қызды артынан іздеп барып, оның жүкті екеніне куә болған. Кейін директордың өзі ол қыздың Ана үйіне келуіне көмектескен. Өкінішке қарай, ол қыз зорлау салдарынан жүкті болған. Бұл бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қазір әлгі қызымыз айы-күні жақындап, перзентханада жатыр. Сәбиі дүниеге келгеннен кейін біздің мекемеге келеді деп күтіп отырмыз. Мен «жас қыздардың жүкті болуына бірінші кезекте өздері ғана кінәлі, жүрмеу керек еді»,- деген сынды пікірлермен келіспеймін. Барлық кінәні, жауапкершілікті қыздардың мойнына жүктей салуға болмайды. Алайда, мен жоғарғы оқу орындарына тәрбие сағатын өткізуге барғанда маған тек қыздарды ғана жинап береді. Негізінен аталмыш жиынға ұлдардың да қатысуы абзал. Себебі, олар да болған жағдайға жауапты. Қазір көп жігіттеріміз қыздың жүкті екенін білген уақытта-ақ тастап кетіп жатады. Соңында қыздың өзі сәбиін өсіріп, жеткізеді. Айтқым келгені, ұлдарға істеген ісіне жауап беруді үйрену керек. Жұрт қоғамның өзгеруіне дұрыс тәрбие бермейтін мектеп ұстаздарына кінә артуға асығады. Дегенмен, қазақ халқы ежелден «Отан отбасынан басталады» деп отбасы құндылығына үлкен мән берген. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің»,- демекші, отбасында көрген қарым-қатынас, жадына тоқыған тәлімнің арқасында бала көкірегі ояу, есті болып өседі. Сондықтан себепті тек жас ұрпақтан емес,өзімізден іздейік. Қыз баланы тәрбиелеу  –  ұлтты тәрбиелеу дегенді білдіреді»,- дейді «Ана үйінің» үйлестірушісі Қалдар Жұмабайқызы.

Кәмелет жасына толмаған қыздардың жүкті болып қалуына, жоғарыда аталған мысалдардан өзге тағы да бір себеп бар. Ол – жасөспірімдердің зорлық-зомбылыққа ұшырауы. Яғни, мұндай жағдайға тап болған қыздар көп жағдайда ата-анасына ашық айтудан қорқады.

Тағдырдың жазуымен некесіз құрсақ көтеріп, сүйгендерінен алданып қалғанда тығырыққа тіреліп, басқа барар жер болмағандықтан, осы Ана үйін паналаған бойжеткендерімен де тілдестік.

«Менің жасым 22-де. Бұл жерге балалы болғаннан кейін келіп отырмын. Шақалағыммен пәтер жалдап тұратынмын. Тұрмыстық жағдайымды көрген медбикелер мені осында жіберді. Елімізде осындай Ана үйі болғанына рақметімді айтамын. Біз сияқты жас қыздарға психологиялық қолдау көрсетіп, тігін тігу курстарын оқытып, өмірге бейімдеп жатыр. Баламның әкесімен үш жыл жүрдім. Ол маған ұлым болғанын армандаймын деп  жиі айтатын. Бірақ, жүкті екенімді білген жігітім мені тастап кетті. Мен оны іздеуге тырыстым. Бір күні маған жігітімнің досы хабарласып, оның өлгенін хабарлады. Маған өте ауыр болды. Алайда, кейін белгілі болғандай ол тірі екен. Тәулік бойы тамақ ішпей қиналған сәттерім де аз емес. Осы үшін баламнан кешірім сұраймын. Себебі мен анама жүктілігім сегіз айға жеткенде ғана айттым. Қыздарға айтарым – барлығы өз ретімен болады, асықпаңыздар. Ал, егер мен секілді алданып қалсаңыз, баладан бас тартпауыңызды сұранамын…»,- дейді жас ана.

«Адамға өмір бір-ақ рет беріледі. Бір рет қана келетін ғұмырыңда қателікке бой алдырсаң өмір бойы өкініп өтесің…» Бұл «Аналар үйін»паналап жатқан жас қыздардың пікірі. «Мәселе балада емес, тек барлығы өз уақыт сағатында болғаны дұрыс. Сезімге ерік бермей, ақылға жүгініп әрекет еткенде ғой...»,- дейді  мұндағылар. Әрине, енді өкінгеннен пайда жоқ.

– Қыз баланың алғашқы демеушісі – анасы. Өкінішке орай, Ана үйіндегі жас аналардың арасында «қара бет болдық» деп, өз шешелері бас тартқандары да кездеседі. Біз қыздардың ата-анасына хабарласып қыздарымен татуластыруға тырысамыз. Баласын сәбилер үйіне өткізбей жауапкершілікті мойнына алған қыздарымызды тек жазғыра беруге болмайды. Қызға ата-ананың қолдауы ауадай қажет. Иә, ұят болды. Бірақ бұл өмір. Сіз тек қоғамдық пікірлерді ғана емес, ұрпағыңыздың болашағын да ойлауға міндеттісіз, – дейді Ана үйінің психолог маманы Гүлмира   Кульбашова.

 

Статистикаға сүйенсек ауылды жерлерде тұратын қыздарда ерте жүктілік көрсеткіші олардың қаладағы құрбыларына қарағанда 12 пайызға жоғары. Ұлттық тәрбиенің тал бесігі – ауылдың қастерлі атына таңба боп түскен мұндай оқиғалар қыз бала тәрбиесінің тізгінін босатып алғанымызды аңғартса керек. Өкінішке қарай, «Қызға қырық үйден тыйым» деген халық даналығының мән-маңызын ұқпайтын ұрпақ өсіп келеді. Өнеге берер ананың, үлгі көрсетер жеңгенің орнын айфон мен айпад алмастырған бүгінгі заманда қыздың ары құндылық болудан қалды.

Бүгінде небір қиын күндерді бастан кешіріп, жанарлары жасқа толса да, салы суға кетпеген жас аналардың жігерлерін жанып, өмірге деген құлшыныстарын арттырып, болашаққа деген үміт отын одан әрі жандырып отырған «Аналар үйі» жобасының маңызы зор екенін аңғардық.

Дана Сүлейменова

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here