Пәтерлерді тонап құмар ойнаған күдікті ұсталды

002.jpg

Түркістан облысы әкімінің құқық бұзушылықтардың алдын алу және қылмыстың ізін суытпай ашу туралы тапсырмасы Сайрам ауданында да жүзеге асуда. Сайрамдық тәртіп сақшылары Түркістан облысының үш ауданы мен Шымкент қаласында жасалған 9 пәтер ұрлығына қатысы бар үй ұрысын құрықтады.

Жас жігіт негізінен ақша мен алтын бұйымдарды ұрлап, оларды Шымкент және Алматы қалаларының ломбардтарына өткізіп отырған. Ал ақшасын өз қажеттілігіне жұмсаған, оның ішінде құмар ойынға да салған.

Бұған дейін Сайрам АПБ-ның кезекші бөліміне бірнеше жергілікті тұрғыннан үйлеріне ұры түсіп, мүліктерін жымқырғаны жөнінде хабарлама түседі. Жәбірленушілердің бірі белгісіз тұлға оның үйіндегі сейфінен жарты миллион теңгеден астам ақша мен алтын бұйымдарын ұрлап кеткенін жеткізген. Сондай-ақ, Сарыағаш ауданының тұрғыны да полицияға арызданған. Оның айтуынша тұрғын-үйінен 2,7 миллион теңге көлемінде алтын мен ақшасы жоғалған. Аталған жайттарды полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы "Ұрлық" бойынша СДТТБТ-ға тіркеп, пәтер тонаумен айналысқан адамды іздеуге және ұстауға кірісті.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Сайрам АПБ-нің полицейлері бір апта ішінде Шымкент қаласының көшелерінің бірінен күдіктіні ұстады. Ол "пәтер ұрысы" ретінде есепте тұратын, бұрын сотталған Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Тергеу анықтағандай, ұры адамдардың жоқтығын пайдаланып, үйге терезе жақтауларын ашу арқылы кірген. Содан кейін ақша мен алтын бұйымдарды ұрлап, қылмыс орнынан жасырынған. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі шамамен 5 миллион теңгені құрады.

Қазіргі уақытта аталған жайттар бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды. Айғақты зат ретінде ұрланған мүліктің бір бөлігі тәркіленіп, заңды иелеріне қайтарылды. Полиция қызметкерлері күдіктінің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын анықтауда.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға сақ болуға және өз үйлері мен мүліктерін қараусыз қалдырмауға кеңес береді. Мүмкіндігінше терезелерге темір торлар орнатып, есіктерді сенімді құлыптармен жабу керек. Тұрғын-үйді күзет дабылы және бейнебақылау камераларымен жабдықтау қажет. Сондықтан сіз үйден аз уақытқа кетсеңіз де, терезелер мен есіктерді кілттеуді ұмытпаңыз. Егер сіз пәтер немесе бөтеннің мүлкін ұрлаудың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияға 102 телефоны арқылы хабарласыңыз.

Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Үш күнде анықталған 12 мас жүргізуші 7 жыл көлік басқару құқығынан айырылды
  • Жас жігітті ұрған бұзақы ұсталды
  • Көліктерден ақша ұрлап, істі болды
  • Полиция құрылыс құралдарын ұрлаған күдіктіні ұстады
  • Полицейлер кезекті мас жүргізушіні ұстады