Сингапурлық кәсіпкерлер Шымқалаға қызығып отыр

Screenshot_1.jpg

Инвестиция көлемі жағынан елімізде көш бастап тұрған Шымкент қаласында инвесторларды тарту жұмысы одан әрі жандануда.  Шымқалаға бұл жолы сингапурлық кәсіпкерлер  қызығушылық танытып отыр.  Қала басшысы Мұрат Әйтенов инвесторлардың ниеттерін білу үшін  Қазақстан Республикасының Сингапур, Аустралия одағы және Жаңа Зеландиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Аркен Арыстановпен және сингапурлық кәсіпкерлермен онлайн форматта кездесті. 

Кездесуде тараптар екі жақ ынтымақтастық, инвестиция мәселесін қозғап, Шымкент қаласын одан әрі дамытудың жолдарын талқылады.  Қала әкімі Шымкенттің республикалық маңыздағы қала мәртебесін алуы экономика секторына инвестициялық ағымның түсуіне қосымша серпін бергенін айтып өтті. 

- Қолайлы инвестициялық ахуал, бәсекелестігі жоғары орта, әл-ауқатының аса жоғарыға көтерілген деңгейі — экономиканың осы артықшылықтарының барлығы Сингапурды Оңтүстік-Шығыс Азияның қаржылық және сауда орталығына айналдырды. Яғни менеджмент саласында көш бастап тұрған елдердің бірі деп білеміз. Осы орайда болашағы зор, Азия мен Еуропаны жалғайтын халықаралық хаб болатын Шымкент қаласына инвестиция жасауға шақырамын. Озық тәжірибелеріңізді қолдана отырып, бірлескен жобаларды жүзеге асырамыз деп сенемін, - деді шаһар басшысы сингапурлық кәсіпкерлерге. 

Өз кезегінде Елші Аркен Арыстанов Қазақстан мен Сингапурдың арасында дипломатиялық қарым-қатынастар орнатылғанына 28 жыл толғанын, осы уақыт арасында екі ел арасындағы өзара достық тек нығаюмен келе жатқанын назарға салды. Ынтымақтастықтың негізгі бағыттары мемлекеттік қызмет, электронды үкімет, білім беру, бюджеттік жоспарлау, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, сот жүйесі секілді салалардың кең ауқымын қамтитындығын атап өтті.

Сондай-ақ, кездесуде Сингапурда Шымкент қаласының туристік және инвестициялық әлеуетін насихаттайтын мәдени іс-шаралар өткізу мәселесі де талқыға түсті.


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Азық-түлік бағасын назарда
  • Мүгедек жандар жарысады
  • «TEN QOGAM» тең мүмкіндік беруде
  • Энергия үнемдегіш шамдар орнатылуда.
  • Полицейлер түнгі уақытта жүрген 90 жасөспірімді анықтады