Түркістан облысында жаңа демалыс орны ашылады

ce766792da7c86140e412ad0598c180b.jpg

Түркістан облысы Келес ауданының тұрғыны Нұрлан Жүзбаев Бірлік ауылдық округінен жаңадан демалыс орнын ашуды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда дайындық жұмыстары жүргізілуде. Меншік иесінің бұл жоспарды жүзеге асырып келе жатқанына 2 жылдай уақыт болған. Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі ауданда ұйымдастырған пресс-тур барысында БАҚ өкілдері жаңадан құрылып жатқан демалыс орнында болып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

«Байбол-ата» шаруа қожалығының меншігінде 70 гектар жер бар. Оның 10 гектарын бау-бақша, 20 гектарын көл алып жатыр. Қалған 30-40 гектар жер тоғай күйінде сақталған. Қожалық иесі бұл жерді демалыс орнына айналдыру үшін шетелден арнайы аң-құс пен балық сатып алып, оларды өсіріп, көбейтіп жатқанын айтады.

«Демалушыларға тоғай аралап, аң-құс ату үшін арнайы жер дайындап жатырмыз. Мәселен, Ресейден үйрек пен қаздың бірнеше түрлерін алдырттық. Қазір оларды инкубациялық жолмен көбейту жұмыстарымен айналысып жатырмыз. Балапан ашып шыққандарын тоғайға жіберіп отырамыз. Сондай-ақ, 2 мыңнан астам жабайы қоян алып келдік. Жалпы осы жобаға бүгінге дейін 150 млн. теңгеге жуық қаржы жұмсадық», – деді Нұрлан Жүзбаев.

20 гектар аумақты алып жатқан көл жеті бөлікке бөлінген. Онда Венгриядан сатып алынған 160 мың дана балық жіберіліпті. Оның 50 мыңы сазан, 40 мыңы амур ақмарқасы, 20 мыңы дөңмаңдай, 50 мыңы тұқы балықтары.

Айта кетейік, қазір онда 20 адам жұмыс істейді. Қауіпсіздік үшін нысан қоршалып, айналаға бейнекамералар орнатылған. Жоба жоспар бойынша жүзеге асса, алдағы 2-3 жылда демалушылар үшін есік ашылады.


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Туризм. Креатив. Тың идеялар
  • «Бизнес-бастау» - үлкен мүмкіндік
  • «Бизнес-бастау» аясында грант ұтып алды
  • «Шымкент-Цирк» - туристерді тартуда рөлі зор
  • «Shymqala»-қонақжай Шымкенттің мақтанышы