Темір вагонды паналап келген көпбалалы отбасыға маңғыстаулық кәсіпкерлер пәтер сыйлады

b004df2d2e621f8dc7319a8a241e4460.jpeg

Ортақтасып сауапты шешім қабылдап, облыс орталығынан таяуда бой көтерген зәулім баспанадан екі бөлмелі пәтердің кілтін тарту етті. Игілікті істің жүзеге асуына «Ақжүніс» қоғамдық бірлестігінің осы өңірдегі өкілдері мен аймақ әкімдігі белсене араласқан. Өндірістік аймақтағы темір вагонды тастап, көптен күткен қоныс тойын тойлаған көпбалалы отбасының қуанышы шексіз.

Отанасы Нағима Көпжасарова – «Күміс алқа» төсбелгісінің иегері. Бірінші топтағы мүгедек екі перзенті мен жолдасын бағып-қағып, қалған балаларының күнделікті тамағын тауып, жанұясын асыраған ана үшін өмірдің ауыр кезеңі артта қалды.

«Жомарт жүректі азаматтарға алғыстан басқа айтарым жоқ. Оларға Алланың нұры жаусын. Енді менің отбасымның жылы да жайлы жаңа үйде тұруына мүмкіндік туды. Біз осы сәтті қаншама уақыт күттік. Адамдар бір-біріне қайырымдылық жасауын жалғастыра берсін», - дейді көпбалалы ана.

Қоныс тойын тойлаған бақытты жанұя 30 шағын ауданда «K7 Grouр» құрылыс компаниясы салған көпқабатты үйде тұрып жатыр. Жаңа пәтердің құнын аталған мекеме құрылтайшылары көтерген.

«Бұл отбасы үшін керемет жаңалықтың болуына қол ұшын созғанымыз рас. Әлі де көмек қажет болса, қолдан келгенін аянып қалмаймыз», - дейді қайырымды азаматтар.

Көмекке зәру көпбалалы жанұяға пәтер сыйлаған меценаттарға «Ақжүніс» аналар қоғамының өкілдері де зор алғысын жаудырды.

«Нағима Көпжасарованың енді өз үйінде бала-шағасы, отағасымен бірге бақытты өмір сүретініне сенеміз. Отағасы Серік ағамыздың аздап қолының шеберлігі бар екен. Біз ол кісіні Ақтау қаласы бойынша «Бизнес 3 күнде» жобасына тартуды ойлап отырмыз. Мүмкіндігі шектеулі үй иесі ағаштан түрлі бұйым жасайды екен. Сол бойынша ол кісінің кәсібін дамытуға қол ұшын бергіміз келеді», - дейді қоғамдық бірлестік өкілдері.


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Павлодарда XI республикалық пән олимпиадасы өтті
  • Сөз зергерлері сынға түсті
  • Павлодарда ХІ пәндік олимпиада өтуде
  • Пәкістанда болған құмды дауылдан 5 адам көз жұмды
  • Елімізде орташа айлық көлемі өсті