«Бай мен кедейдің, қала мен ауыл арасы алшақтап кетті» - Әшімбаев

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев "Жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарды дәріптеу – кешенді жаңғырудың негізі" тақырыбына арналған парламенттік тыңдауда сөз сөйледі.

Маулен Ашимбаев.jpg

Біз қазір өнімдер мен капиталдар ғана емес, мәдениеттер, идеялар, ақпараттар еркін алмасатын кезеңдеміз, деп бастады Әшімбаев өз сөзін.

– Мұндай байланыстар, бір жағынан, жаһандық ынтымақтастыққа жол ашуда. Ал, екінші жағынан, әртүрлі ықпалдардың көбеюіне де әсерін тигізіп отырғаны жасырын емес. Мұның өзі – біздің күрделі және қарама-қайшы әлемге аяқ басқанымыздың көрінісі. Шын мәнінде, қазір әлем жоғары қарқынмен өзгеруде. Мүлдем жаңа коммуникациялық инфрақұрылым пайда болды. Интернет пен әлеуметтік желілер қоғамдық пікірді қалыптастыратын негізгі факторға айналды. Қазіргі таңда әлем бойынша әлеуметтік желілерді 4 миллиардқа жуық адам қолданады екен. Осындай ауқымды коммуникация жағдайында ақпараттардың алмасуы болатыны заңдылық, – деді ол.

Біз – әлемдік қоғамдастықтың ажырамас бөлшегіміз.

– Жаһандану процесін жаңа шынайылық деп түсінуіміз керек. Одан қорғанып, изоляцияға түсудің болашағы жоқ. Жаһандану беретін жақсы игіліктерден құр қалмауымыз керек. Сонымен қатар, өзімізге пайдалы әлемдік үрдістерді төл мазмұнмен байытуды мақсат тұтуымыз қажет. Бұл ретте біз "жақсыдан үйренуге, жаманнан жиренуге" тиіспіз. Ол – өзгенің тозығын емес, озығын алып, оны ұлттық бояуымызбен байыта түсу деген сөз, – деп қосты Мәулен Әшімбаев.

Сенат Төрағасының сөзінше, жаһандану дәуірінде ұлттық кодымызды сақтап, ұлттық құндылықтарымызды дамытудың маңызы зор.

– Ұлттық құндылықтардың аясы кең екенін ескеруіміз керек. Олардың ең бастысы – қастерлі тәуелсіздік пен қасиетті жеріміз. Ата-бабамыз елдік пен еркіндікті аңсап, осы ұлы мақсаттың аясында біріге білді. Ұлан-ғайыр жеріміз үшін қасық қаны қалғанша күресіп, оны келер ұрпаққа аманат етіп қалдырды. Сондықтан ел мен жерді көзіміздің қарашығындай сақтау бәріміздің абыройлы міндетіміз. Біздің тіліміз, мәдениетіміз және салт- дәстүрлеріміз де қайталанбас ерекшеліктеріміз екені анық, – деді ол.

Сонымен қатар, Мәулен Әшімбаев қоғамда өзін өзгелерден жоғары қою, кез келген нәрсеге утилитарлық көзқарас тұрғысынан қарау – қала мен ауылдың, бай мен кедейдің, білімді мен білімсіздің арасын алшақтатып бара жатқанына назар аударды.

– Осы ретте мемлекет, қоғам, бизнес және отбасы деңгейінде өзара жауапкершілік ұғымын қалыптастырған маңызды деп есептейміз. Негізі, жанашырлық пен жауапкершілік біздің қанымызға сіңген қасиет деп айта аламыз. Себебі, халқымыз әлсізге қорған, жығылғанға сүйеу, қамыққанға демеу болу керек деген ұстанымды қашанда дәріптеген. Ұлы Абай өсиет еткен ыстық қайрат категориясына талап пен еңбекқорлық секілді қасиеттерді жатқызуға болады. Бұлар да ұлтымыздың басты құндылықтарына айналуға тиіс, – деді Сенат Төрағасы.

Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • «Бай мен кедейдің, қала мен ауыл арасы алшақтап кетті» - Әшімбаев
  • «Мұны үшінші толқын деп айтуға болады» - Бақытжан Сағынтаев
  • Қазақстанда кейінгі тәулікте 1596 адам вирус жұқтырған
  • Қарақшыға қарсы тұрған 13 жастағы Алматы тұрғыны марапатталды
  • «Үлкен тәжірибе болды» - белгілі журналист (видео)