Тоқаев дәрігерлерді коронавирустың екінші толқынына дайын болуға шақырды

Қазақстан президентінің Алматыға жасаған жұмыс сапары И.Жекенова атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының жаңа филиалына барудан басталды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. 

image.png

Қасым-Жомарт Тоқаев 500 адамға стационарлық медициналық жәрдем беруге арналған және заманауи құрылғылармен жабдықталған палаталарды аралап көрді.

Мемлекет басшысына қаладағы медициналық-демографиялық ахуал және COVID-19 індетіне қарсы күресу үшін қабылданған шаралар, сондай-ақ медициналық жедел жәрдем қызметінің жұмысы жөнінде баяндалды. Президент медицина қызметкерлерімен әңгімелесу барысында ұлттық денсаулық сақтау саласын одан әрі дамыту, медициналық мекемелерді қажетті құрылғылармен жабдықтау, төсек-орын мен инфрақұрылымды жаңарту, сондай-ақ, дәрігерлердің еңбекақысын арттыру мәселелеріне тоқталды.

– 2023 жылға қарай медицина қызметкерлерінің еңбекақысын бүкіл экономикадағы орташа жалақыдан екі есе жоғары деңгейге жеткізу міндеті қойылады. Алғашқы медициналық санитарлық жәрдем беру ісін дамытуға баса мән беріледі. Өкінішке қарай, біз бұл салаға уақытында назар аудармадық. Эпидемия мұндай іс-қимылдардың қате екенін көрсетті. Қазір жіберген қателіктерге дұрыс көңіл бөліп, оларды түзетуіміз керек. Әрине, медицина әрдайым басты назарымызда болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы коронавирустың ықтимал жаңа толқынына дайын болудың маңызды екенін атап өтті. Осы ретте азаматтарымыздың өмірі мен денсаулығын сақтау үшін барлық ресурсты жұмылдыру қажеттігін айтты.

– Қазір бүкіл әлемдегі жағдай күрделі. Еуропа мен Америкада коронавирустың екінші толқыны өтіп жатыр. Осындай жағдайда біз қырағылық танытып, дайын болуымыз қажет. Пандемияның бірінші толқынынан жақсы сабақ алдық. Бұл тәжірибенің пайдасы болады. Әрине, қиын болды, қателіктер жіберілді, соның ішінде, Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан да ағаттықтар кетті. Бұл қателіктерді жұмыс барысында жөндеуге тура келді. Дегенмен, кез келген тәжірибенің, тіпті ауыр болса да, пайдасы бар.  Сондықтан екінші толқынға дайын болайық. Содан кейін бүкіл дүние жүзімен, халықаралық қоғамдастықпен бірге барлық қиындықты лайықты түрде еңсеруге тиіспіз, – деді Президент.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы пандемияға қарсы күрестің күрделі жағдайында атқарған қажырлы еңбектері үшін дәрігерлерге ризашылық білдірді.

Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Назарбаев 100 мың отбасыға 50 мың теңгеден беруді тапсырды
  • Қазақстандағы COVID-19: Өткен тәулікте тағы 94 адам ауру жұқтырды
  • Шымкентте карантин мерзімі ұзартылды
  • Боксшы Жәнібек Әлімханұлы аргентиналық қарсыласын нокаутқа жіберді
  • Қазақстанда бір тәулікте 107 адам коронавирус жұқтырып, 154 адам аурудан айықты